Қазақстан Тәжікстанға цифрлық технология бойынша қолдау көрсетпек
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Цифрлық үкімет кеңсесіне барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Екі ел басшыларына отандық IT-шешімдер таныстырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин президенттерге мемлекеттік органдардың азаматтармен тиімді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін IT-платформалар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, сәбидің дүниеге келгенін тіркеу үшін құжат беруге, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлікті рәсімдеуге проактивті өтінім берудің үлгілері көрсетілді.
Екі елдің басшыларына азаматтардың өтінім беруіне арналған е-Otinish платформасы және жер қойнауын пайдаланушы субъектілердің қызметіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштан мониторинг жүргізу жүйесі таныстырылды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан президенттеріне «Отбасының цифрлық картасы» жобасының жүзеге асырылу барысы баяндалды. Бұл жоба – құрамына әлеуметтік әл-ауқаттың 100 көрсеткіші және орталық мемлекеттік органдардың 20 деректер қоры кіретін бірегей дерекқор. Дерекқор барлық отбасыны әл-ауқаттың бес деңгейі бойынша жіктеуге және оларға проактивті форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігімен электрондық үкімет платформасын жүзеге асыру тәжірибесін бөліседі.
Сондай-ақ ынтымақтастық аясында тәжік мамандарын Қазақстанның алдыңғы қатарлы IT-мектептері мен ғылыми-зерттеу институттарында оқыту мүмкіндігі қарастырылады. Эмомали Рахмон Тәжікстанда цифрлық технологияларды дамыту ісіне қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.