Жаңалықтар

«Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ». Туниске тарихи алтын сыйлаған қазақ бапкері

«Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ». Туниске тарихи алтын сыйлаған қазақ бапкері
Фото: Коллаж El.kz 18.08.2024 13:06 8633

Жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні аталып өтеді. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған. Бүгін осы мерекеге орай, El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Париж Олимпиадасында ерекше есімі аталған қазақстандық бапкер Есбол Сұлтановпен тілдесті.

Ол төрт жылда бір келетін дүбірлі дода Париж Олимпиадасында Қазақстанға емес, Туниске таеквондодан тарихи алтын сыйлады. Айта кетейік, Есбол Сұлтанов 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап, таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері қызметін атқарады.

«Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ». Туниске тарихи алтын сыйлаған қазақ бапкері

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Таеквондодан 80 келіде бақ сынаған Тунис спортшысы Фирас Катоуси финалда Иран өкілін жеңіп, Париж Олимпиадасының чемпионы атанды. Ол финалға дейін барлық қарсыласын 2-0 есебімен жеңсе, шешуші кезеңде ирандық қарсыласынан да басым түсті. 

Бұл – Тунис елінің тарихындағы осы спорт түрінен алғашқы алтын жүлде екен. Сондай-ақ Тунис сапынан 58 келіде өнер көрсеткен Мохамед Халиль Жендуби да Париж Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді. Осылайша, бір жылға жетер жетпес уақытта қазақ бапкері баптаған Тунис спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді.

Мұны көрген желі қолданушылар бапкерді отанға қайтару керек екенін және «қадірін білмепті» деп жарыса жазып жатыр. Не себепті шетелге кеткенін бапкердің өзінен сұрап көрдік. Айтуынша, Қазақстанда 17 жыл жаттықтырушы болып жұмыс істеген.

Алматыдағы Шаңырақ спорт мектебінде жұмыс істеп жүрдім. Ол жерден көптеген чемпиондарды тәрбиеле, біраз жетістіктерге де жеттік. Бір жылдай ұлттық құрамада көмекші жаттықтырушы болдым, – дейді Есбол Сұлтанов.

Тунис мемлекетіне қазақ бапкері 2023 жылдың қыркүйек айында барғанын айтты. 2023 жылы таэквододан Тунис елі негізгі жарыс саналатын әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған соң, олар халықаралық деңгейдегі бапкерді іздей бастаған. Көптеген әлем чемпионаттарында, жарыстарда, оқу-жаттығуларда кездесіп тәжірибе алмасып жүрген қазақ бапкері осы сәттен бастап олардың көзіне түсіп қалады.

Туниске сол жылы бардым. Олар мені шақырды, сосын келісімшартқа отырдық. Бұл елге келудегі мақсатым, шетелде халықаралық деңгейде өзімді сынап көруге шешім қабылдадым. Париждегі жетістіктікке байланысты «біздің қазақ жаттықтырушы» деп бүкіл қазақ елі қуанып жатқанын көрдім. Бұл қазақтың бауырмашылдығын, жүрегінің кеңдігін білдіреді. Сол үшін қолдау білдіріп, ізгі тілектерін білдіріп жатқан қазақ халқыма алғысымды айтамын, – дейді Тунис еліндегі бапкер.

Мұндай деңгейге дейін жету үшін көп жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ». Туниске тарихи алтын сыйлаған қазақ бапкері

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Күнде бес сағаттай жаттығу болса, одан бөлек кешкі уақыттарда спортшылармен видео арқылы жаттығу процесін бақылаймыз. Өзім жалғыз қалғанда жоспар құрамын. Әр спортшының өзінің жеке бағдарламасы жасалып көптеген жұмыс атқарылды. Бірінші шарт – сондай жетістікке жету үшін мықты команда жинау. Команда болғанда спортшылар емес, жаттықтырушы құрам, екінші көмекші жаттықтырушы, физикалық жаттықтырушы, физиотерапевт, психологтардан құралған мықты мамандарды жинап, жұмыла жұмыс істеген кезде жақсы нәтиже болады, – дейді Есбол Сұлтанов.

Қазақ бапкері «Қазақстаннан қуып жіберді, қайта қайтару керек» деген пікірлерге қатысты ойын білдірді.

Мені ешкім қуған жоқ. Ұсыныс түскесін, өз еркіммен баруға шешім қабылдадым. Басында айтып өткенімдей, халықаралық деңгейде бір белесті бағындырғым келді. Қазақстанда 17 жыл қызмет істедім, шәкірт тәрбиеледім. Жолымды кесіп, кедергі болған ешкім жоқ, – дейді жаттықтырушы.

Алдағы жоспарымен де бөлісе кетті. Айтуынша, қазір үлкен межені аяқтады. Бір жыл тынымсыз жұмыстың нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отыр.

Олимпиада ойынында жақсы жетістікке қол жеткіздік. Кішкене шаршадық. Енді қазір бір ай еңбек демалысын алдым, – дейді.

Тунис елі қазақ бапкерімен келісімшартты ұзартқысы келіп, қазіргі уақытта ұсыныс түсіп жатқанын жеткізді.

Оған қоса тағы бірнеше ел бар. Ал Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ. Ал егер ұсыныс болып жатса, қарастыруға болады, – дейді.

Спорт сарапшыларының айтуынша, біздің спортшылар психологиялық қысымға көп жағдайда шыдамайды және тез шаршап қалады. Соңында нәтиже көңілден шықпай жатады деп жиі айтуда. Бұған қатысты бапкердің қандай ойда екенін сұрадық.

Иә, спорт сарапшыларының психологиялық жайлы айтқан пікірлері өте орынды деп есептеймін. Спортшының психологиялық дайындығы жарыста шешуші рөл атқарады. Өйткені қысымға түсіп немесе босаңсып, қарсыластан қорқып, жауапкершіліктен қатты қысылған спортшыны қанша жерден дайындасаң да дұрыс жұмыс істей алмайды. Себебі миы, ойы сол жаңағы нәрсемен бос емес боп тұрады. Сондықтан да психологиялық дайындық өте маңызды, – дейді Есбол Сұлтанов.

Ал мұндай жағдайда елдегі спортқа қандай өзгеріс керек екенін ашып айта алмайтынын тілге тиек етті.

«Қазақстан тарапынан әлі ұсыныс түскен жоқ». Туниске тарихи алтын сыйлаған қазақ бапкері

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Өйткені бір жылдай елімізде болған жоқпын. Оның үстіне өзім әкімшілік қызметтерде болмадым. Спорт комитеті, министрлік жайында қандай да бір пікір білдіретіндей ондай әкімшілік тәжірибе жоқ. Негізі ойды айтатын адамның өзінің тәжірибесі, білімі болу керек және сол болған оқиғаның басы-қасында жүру қажет. Сондай үш талабы бар адам ғана өзінің анализін, ойын айта алады деп ойлаймын. Менің қазір айтқан бір сыным сырттан тас лақтырған сияқты болып қалады. Сондай-ақ қандай да бір пайдасын әкелмейді, – деді қазақстандық бапкер.

Қазіргі таңда бапкер Тунисте болғанымен, оның отбасы Қазақстанда тұрады. 

Жанұям елде қалды. Бала-шағам бар. Бірі мектепте, енді бірі университетте оқиды. Туниспен бір жылдық шартқа отырғандықтан, оларды оқуынан алып кетіп, бір жылдың ішінде мектебінің бәрін ауыстыру, өзге елге барып оның тірлігіне үйреніп, оқып кету оңай болмайды. Сол себепті бұл елге оларды ертіп келмедім. Егер келесі олимпиадаға дейін төрт жылдық шартқа отырып жатсам, жақсы ұсыныс, жоспар, бағдарлама болса отбасыммен бірге тұруға дайынмын, – дейді Есбол Сұлтанов.

Бапкер бала-шағаның әкесі, отбасының тірегі болғандықтан, оларға тәрбие, қолдау керегін айтады. Сол себепті бір жыл жанұясынан жырақта болған бапкер төрт жылмен келісімшарт болған жағдайда отбасын көшіріп алуға ниет етіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға