Жаңалықтар

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жеткізді

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жеткізді
Фото: gov.kz 16.02.2023 09:07 1478

15 ақпанда Қазақстанның әскери-көлік ұшағы тосын келген табиғи апаттан зардап шеккен Сирияға төртінші рет қатынап, осы елге бөлінген гуманитарлық көмекті толық көлемде жеткізді. Сирия жеріне жеткізілген 55 тонна гуманитарлық жүк жергілікті Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамы арқылы мұқтаж тұрғындарға таратылатын болады. Осымен Қазақстан сұрапыл зілзалада бастан кешкен Сирияға гуманитарлық көмекті шұғыл жеткізу операциясын табысты аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Сирия президенті Башшар Асад қосымша шекара пунктерінің ашылуын мақұлдағанын жариялап, бұл елге арналған көмекті екі есе арттыру қажеттілігін атап өтті. Ұйым осы орайда Сириядағы жер сілкінісінен аман қалғандар баспанасыз, тамақсыз және таза сусыз өмір сүріп жатыр деп мәлімдеді.

Сирияның адам құқықтары жөніндегі обсерваториясы 15 ақпанда шекара өткелдері арқылы Сирияның солтүстік-батысына 391 гуманитарлық жүк көлігі кіргенін хабарлады. Бір атап өтерлігі, Сирияға бақылау-өткізу пункттері арқылы кірген көмек жер сілкінісіне дейін шекарада кезек күтіп тұрған көліктердің жүгі болып табылады.

БҰҰ-ның алғашқы гуманитарлық көмек колоннасы Түркия мен Сирияның солтүстігіндегі оппозициялық күштер бақылайтын аудандарға шығатын Баб-ас-Салам шекара өткелінен өтті.

«Арабия» ақпарат агенттігі Баб әл-Хауа бақылау-өткізу пункті арқылы Сирияның солтүстік-батысына гуманитарлық көмекпен жүк көліктерінің үздіксіз кіріп жатқандығын хабарлады. Бір күнде Баб әл-Хауа бақылау-өткізу пункті арқылы БҰҰ-ның 106 жүк көлігі Сирия жеріне гуманитарлық көмекпен кірген.

Сонымен қатар, Түркия мен Сирияда үйінділердің астында қалғандарды іздеу-құтқару жұмыстары одан әрі жалғасуда. Жер сілкінісінен екі елде қаза тапқандардың саны артып, 39 мыңнан асты.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш 3 ай ішінде Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету үшін шамамен 400 миллион АҚШ долларын жинауға үндеу жасады. БҰҰ Түркияға да осындай көмекке шақыруды бастау үшін де жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

А.Гутерриш: «Біріккен Ұлттар Ұйымы Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесу үшін 397 миллион доллар жинауға шақырады. Бұл сома 3 айға жетеді. Біз Түркияға көмектесуге шақырудың соңғы сатысында тұрмыз», - деді ол.

«БҰҰ өзінің жедел жәрдем қорынан жер сілкінісінен кейін бірден 50 миллион доллар көмек көрсетті, бірақ қажеттіліктер одан асып түсті», - деп қосты ол.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Сирия режимінің президенті Башар Асад Түркия мен Сирияның солтүстік-батысы арасындағы қосымша екі шекара өткелін 3 айға ашуға келіскенін жариялады. БҰҰ өкілі режимнің келісімі жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету үшін алынғанын айтты.

А.Гутерриш сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы  Түркия мен Сирияның солтүстік-батысы арасындағы Баб ас-Салам және әл-Рай бақылау бекеттерін бастапқы 3 айға ашу туралы Дамаск қабылдаған шешімді құптайтынын айтты.

Батыс елдері Түркияға көмек көрсеткенімен Сирияға қатысты басқаша саясат ұстанып отыр. Ол Сирияға таңылған халықаралық санкцияларға байланысты екендігі белгілі. Алайда АҚШ жер сілкінісінің салдарымен күресуді жеңілдету үшін Сирияға қарсы санкциялардың бір бөлігін алып тастады. Сонымен қатар АҚШ билігі жер сілкінісінен кейін Сирияға гуманитарлық көмек ретінде 85 миллион доллар бөлді. Бұл туралы АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) мәлімдеді.

 Қазақстанның гуманитарлық жүгі тиелген ұшақ қауіпті болса да Алеппо қаласының әуежайына алғашқылардың бірі болып қонды. Араб елдері Сирияға да, Түркияға да көмек қолын созып, қаражат жинау және көмек көрсету шараларын жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Египет, Ирак, Ливан, Иордания Сирия халқына гуманитарлық көмек жолдады. Палестина Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін қан тапсыру науқанын өткізді.  Сауд Арабиясы Корольдігі 80 млн, БАӘ 50 млн, Қатар 50 млн, Кувейт, Алжир 15 млн АҚШ долларын бөлді.

Араб елдері жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Сирия халқының қайғысын жеңілдету үшін ресми және халықтық күш-жігерін жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға