Қазақстан шетелдік туристер үшін «Tax free» тәжірибесін енгізді
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың баяндауынша, пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы туризм қалпына келді.
Ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға жоғары.
Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Премьер-министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.
Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.
Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді, – деді Әлихан Смайылов.
Жыл сайын жағажайлар мен туристік зоналардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағым мен өтініш келіп түсті.
Қазақстандық такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар, – деді премьер-министр.
Оның айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек.
Біздің міндетіміз – барлық өңірде инфрақұрылымның, логистиканың, сервистің сапасы мен қызмет көрсету мәдениетінің даму қарқынын арттыру. Қазақстан 2029 жылға қарай Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексі рейтингінде 50-ші орыннан төмен болмауы тиіс, – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға баратын жолдарды жөндеу және салу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ол сондай-ақ қызметтерге тарифтерді көрсете отырып және туристік объектілерде қауіпсіздік шараларын күшейту, барлық қазақстандық объектілер бойынша буклеттер, жолсілтемелер мен карталарды басып шығаруға және таратуға ерекше назар аудару керек екенін атап өтті.