Қазақстан шахматтан алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты

Шахматтан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты аясында Қазақстан алғаш рет финалға шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Польшаның Быдгощ қаласында өтіп жатқан жарыстың жартылай финалында қазақстандық шахматшылар Франция құрамасын 4:0 есебімен ұтты.
Қазақстанға жеңісті Бибісара Асаубаева (ФИДЕ рейтингі: 2439), Меруерт Камалиденова (ФИДЕ рейтингі: 2162), Алуа Нұрманова (FIDE рейтингі: 2170) және Әмина Қайырбекова (FIDE рейтингі: 1985) әкелді. Турнирге Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Ксения Балабаева (FIDE рейтингі: 2111) және Әсел Серікбай (FIDE рейтингі: 2120) қатысып жатыр, - делінген хабарламада.
Финалда Қазақстан құрамасы жартылай финалда АҚШ құрамасын 3,5-0,5 есебімен жеңген Грузия құрамасымен кездеседі.
Айта кетерлігі, бұған дейін қазақстандық әйелдер құрамас жарыстың ширек финалынан асып көрмеген болатын. Енді олар бас жүлдені сарапқа салады.
