Жаңалықтар

Қазақстан Сан-Мариноға 4-5 гол салмайды. Адиев ондай қадамға бармайды – Ермұхамед Мәулен

Қазақстан Сан-Мариноға 4-5 гол салмайды. Адиев ондай қадамға бармайды – Ермұхамед Мәулен
Фото: Коллаж El.kz 16.11.2023 16:30 1785

17 қарашада 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Бұл Астанада өтетін соңғы матч. Сондықтан билеттің бәрі өтіп кеткен. Ал Словениямен сырт алаңда ойнаймыз. Осы екі кездесуде Қазақстанның мүмкіндігі қандай болмақ? Белгілі спорт комментаторы, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәуленнің пікірін білген едік, деп хабарлайды el.kz ақпараттық агенттігі.

El.kz: Қазақстан және Сан-Марино құрамалары арасындағы өтетін ойын жақындап келеді. Бұл матчқа байланысты болжамдар көп айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша Қазақстан ұлттық құрамасы өзінің фаворит екенін дәледей ала ма?

Ермұхамед Мәулен: Әлбетте, Қазақстан қарсыластарына қарағанда бір бас жоғары. Ұлттық құрамамыз сырт алаңда Сан-Мариноны «0:3» есебімен жеңді. Сондықтан, өз алаңымызда жеңіске жетеміз деген ойдамын. Өйткені, жанкүйерлердің қолдауы бар. Соңғы матчтарға көз жүгіртсек, Қазақстан ұлттық құрамасы оңай жемтік емес. Еуропаның алдыңғы қатарлы құрамаларына қарсы сәтті ойнады. Ал, Сан-Марино секілді команданы аямай жеңуге шамасы бар. Менің ойымша, Могамед Адиев шәкірттеріне «4:0, 5:0» есебімен жеңу керек деген тапсырмасы бермейді. Себебі, 3 күннен кейін бізді Словенияға қарсы матч күтіп тұр. Оған да күш сақтау керек. Сан-Мариноға қарсы ойын шамамен «2:0» есебімен Қазақстан ұлттық құрамасының пайдасына шешіледі.

El.kz:  Сан-Маринодан кейін Словенияға қарсы маңызды матч күтіп тұр. Алайда, дәл қазір ұлттық құрамамызда бірқатар проблемалар бар. Мысалы, Зайнутдинов пен Асхат Тағыбергеннің жарақатын айтсақ болады...

 Ермұхамед Мәулен:  Үміт те, мүмкіндік те бар. Бұл футбол деп аталатын спорт болғаннан кейін түрлі оқиғалар болады. Словенияның өзі де бұрындары аутсайдер деп есептеліп жүрген командалардың бірі. Бірақ, олар Украинаны да Ресейді де фаворит саналғанына қарамай екі рет жеңді. Қазақстан да тура сол секілді жеңіске жетеді. Мықты ойыншыларымыз бұл матчқа қатыса алмайын деп тұр. Жарақат бар, басқа да себептер бар. Бірақ, Словенияның қазіргі құрамы өте мықты. Мойындау керек. Қақпашысы Янн Облактың өзі әлемдегі ең үздік 5 қақпашының қатарына кіреді. Ойыншыларының көп бөлігі Бундес лига мен А сериясында өнер көрсетеді. Сондықтан, Қазақстан ұлттық құрамасына оңай болмасы анық. Словения бізбен салыстырғанда күштірек. Алайда, футболдағы 90 минутта ерік-жігер, намыс, елдік рух, жанкүйерлердің қолдауының арқасында оларға да төтеп беруіміз мүмкін. Соған сенеміз!

El.kz  Еліміздің құрамасын қолдауға Словенияға 5000 жанкүйер барады деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?

Ермұхамед Мәулен:  Словения стадионында Қазақстан құрамасы жанкүйерлеріне арналып берілетін бір трибуна бар. Ол жерде небәрі 250 билет ғана. Одан кейін, тағы жанкүйерлер көптеп келетін болса, 500 адамға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Ал, Қазақстан құрамасының фан зонасынан бөлек, Словениялық азаматтармен араласып отырып, ойын көруіне болады. Бізді қолдауға Милан қаласынан студенттер келеді. Германия және Словакия мемлекеттерінен де жанкүйерлеріміз бар. Оған қоса, Лондоннан бір топ студенттеріміз ұлттық құраманы қолдауға келеді деген ақпарат бар. Менің ойымша, шамамен 1500-2000 дай жанкүйер келетін секілді.

El.kz: Футбол командалық ойын. Бірақ біздің ұлттық құрамада әр ойында командасын алға сүйреп шығатын қаһармандар шығып жүр. Мысалы, Солтүстік Ирландияға қарсы Абат төбе көрсетсе, Финляндиямен ойында Бахтиер құрамамызды алға сүйреді. Сіздің ойыңызша, алдағы екі ойында қандай ойыншы қаһарман атануы мүмкін?

Ермұхамед Мәулен: Сан-Мариноға кез-келген ойыншы гол соғуы мүмкін және қанша гол соқса да, қаһарман атанбайтыны анық. Словениядағы матчта Қазақстан құрамасының бір ойыншысы 89 минутта гол салып, абыройымызды асқақтатса, менің ойымша ол – «қаһарманның қаһарманы» атанар еді. Тіпті, жанкүйерлер «ұлт қаһарманы» деген ат та қоюы мүмкін. Егер, шынымен сондай оқиға болып, сол голдың нәтижесінде командамыз Еуроға шығатын болса, ол ойыншының атына көше беруіміз де мүмкін. Оған бастамашы болатын адамдар да шығады. Менің ойымша, ұлттық құрамада қаһарман атануға лайық жігіттер бар. Абат Айымбетов, Рамазан Оразов секілді ойыншыларымыздан үміт көп.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға