Жаңалықтар

Қазақстан Қытай бағытына жаңа теміржол құрылысын бастады: жүк айналымы 20 млн тоннаға артады

Қазақстан Қытай бағытына жаңа теміржол құрылысын бастады: жүк айналымы 20 млн тоннаға артады
Фото: primeminister.kz 21.12.2023 09:11 1703

Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоба Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.

Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85% құрайды деп күтіліп отыр.

Премьер-Министр былтыр теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті. Мұндай жоғары қарқын геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр.

Соңғы бес жылда контейнерлік транзиттік тасымал көлемі 3,2 есе өсті. Қолданыстағы транзиттік дәліздер кеңейіп, жаңалары ашылуда. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Солтүстік-Оңтүстік және Онтүстік дәліздері айрықша маңызға ие болып отыр, — деді Әлихан Смайылов.

Қазіргі таңда өткізу мүмкіндігі мен инфрақұрылымдық қуат өз шегіне жетті. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу үшін теміржол саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар. 

Олардың қатарында Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желілерінің құрылысы мен басқа да жобалар іске асырылуда. Алдағы үш жылда республикада барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады.

Премьер-Министр магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 

Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. Бақты – Аягөз жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді, — деді Әлихан Смайылов.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов атап өткендей, жаңа желі қазақстандық экспорт көлемін, сондай-ақ Ресейден Қытайға және кері бағыттағы жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және басқа өңірлерден келетін тауарлар өтеді. Екі жолды желі құрылысы – бірден жеткілікті қуаттылыққа ие болуға кепіл болып табылады. Жалпы бұл транзиттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға серпін болмақ, — деді ол.

Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға