Қазақстан Қырғызстанға 2 мың тонна көлемінде дизель отынын жіберді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен қырғыз халқына дизель отыны түріндегі 2 мың тонна жүк бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Естеріңізге сала кетейік, Бішкек ЖЭО-да ағымдағы жылдың 2 ақпанында апат болып, Бішкекте жылу және ыстық су мәселелері басталды. Қазақстан жеткізген дизель отыны көлік, ауыл шаруашылығы және медициналық мекемелерді қоса алғанда, тыныс-тіршіліктің түрлі салаларындағы энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
2024 жылғы 28 ақпанда ҚР ТЖМ "Резерв" РМК "Заря" филиалынан мың тонна дизель отынының бірінші партиясын 17 вагон-цистернамен жөнелтті, - делінген "KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің ақпаратында.
Бұл гуманитарлық көмек Қазақстанның көрші елдермен әріптестік қатынастарды дамыту жөніндегі тұрақты күш-жігерінің және бүкіл өңірді дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға одан әрі жәрдемдесудің бір бөлігі болып табылады.
