Қазақстан құрамасы United Cup турнирінің жартылай финалында жеңілді

Теннистен Қазақстан құрамасы Сиднейде United Cup турнирінің жартылай финалында Польшамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кортқа бірінші болып дүниежүзілік рейтингіде 78-орында тұрған Александр Шевченко мен әлемнің 16-ракеткасы Хуберт Хуркач шықты.
Поляк теннисшісі бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде 6:3, 6:2 есебімен ұтты.
Бұдан кейін рейтингіде 6-сатыдағы Елена Рыбакина мен әлемнің 2-ракеткасы Ига Швентекке кезек келді.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта Швентек басымдылық танытты — 7:6 (7:5), 6:4.
Осылайша, 2:0 есебімен алға шыққан Польша екінші рет қатарынан финалға жолдама алды.
Олар өткен жылы финалда Германияға есе жіберген еді.
Биыл Германияны ұтқан Қазақстан алғаш рет жартылай финалға шыққан еді.
