Қазақстан құрамасы қатарынан үшінші рет жеңілді

Хоккейден Қазақстан құрамасы Финляндияда өтіп жатқан әлем чемпионатында қатарынан үшінші матчта ұтылды. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері В тобының үздігі саналатын Швециямен кездесіп, жеңіліс тапты. Есеп - 1:3.
Қазақстан сапынан Әділ Бекетаев 46-минутта көзге түсті. Ал қарсыластар құрамынан Маркус Йоханссон (11-минут), Линус Йоханссон (36-минут) және Фабиан Зеттерлунд (42-минут) мергендігімен танылды.
Осылайша, біздің команда кезекті кездесуде жеңіліп отыр. Бұған дейін қазақстандықтар Францияны 3:1 есебімен жеңіп, кейін Словакияға 2:6, Латвияға 0:2 есебімен жол берген еді.
Қазақстан командасы топтағы келесі ойынды 17 мамыр күні Германияға қарсы өткізеді.
