Жаңалықтар

Қазақстан қоқыстан қалай құтылады

Жыл сайын еліміз бойынша 4,5 миллион тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылады
Қазақстан қоқыстан қалай құтылады
Фото: rikatv.kz 09.11.2022 22:28 4688

Экология министрлігінің мәліметінше, республика бойынша 3 мыңға жуық қоқыс полигоны жұмыс істейді, онда 125 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Алайда сол полигондардың тек 20 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді.

Әсіресе Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысындағы полигондардың сапасы сын көтермейді. Бұл мәселені шешу үшін Экология министрлігі қалалар мен ауылдарда қоқыс полигондарын салудың жеңілдетілген жобасын ұсынды.

Қоқыс шығару тарифтері өте төмен болғандықтан, кәсіпкерлерге қоқысты қайта өңдеу тиімсіз әрі бұл салаға жеке инвестиция аз тартылады.

Тұрмыстық қалдық қалай сұрыпталады

Қазақстан қоқысты қайта өңдеу бойынша ауқымды жоспарлар құрып отыр. Болжам бойынша еліміз қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40% - ға дейін және 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жеткізуі керек. Қалдықтарды бөлек жинауға және пайдалы фракция деп аталатын, яғни қайта өңдеуге және қайта пайдалануға болатын материалдарды іріктеп алуға баса назар аударылады.

«Біз құрғақ және дымқыл фракциялар бойынша бөлек жинау талаптарын белгіледік. Өткен жылдың шілде айынан бастап күшіне енген жаңа экологиялық кодекс шеңберінде қалдықтар иерархиясы қағидаты енгізілді. Яғни, біз қалдықтардың пайда болуына жол бермей, қалдықтарды қайта пайдалануға дайындап, қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратып және жоюымыз керек. Қарапайым тілмен айтқанда, контейнерлерде жиналған қоқысты орталықтандырылған түрде жинап, қоқыс шығаратын ұйымдар шығарады немесе қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункттеріне азаматтар тапсырады», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ҚТҚ басқармасының басшысы Абылай Әлмұханов.

Республика бойынша 207 аудан мен қаланың  және 138 елді мекенінде 96-сында ғана қалдықтарды сұрыптау енгізілген.

Содан кейін қалдықтар қолмен немесе автоматтандырылған сұрыптау жүргізетін сұрыптау пункттеріне жіберіледі. Бұдан әрі сұрыпталған шикізатты қайта өңдеп, кәдеге жаратылады. Тізбектегі ең соңғы кезеңі - қалдықтарды қоқыс полигондарына көму.

ҚТҚ басқармасының айтуынша, 2016 жылдан бастап полигондарда қалдықтардың кейбір түрлерін көмуге тыйым салынды. 2019 жылдан бастап полигондарда пластикті, әйнекті, қағазды және картонды көмуге тыйым салынды. Ал 2021 жылдан бастап полигондарға құрылыс және тамақ қалдықтарын кіргізуге тыйым салынды.

Қоқыс өңдеу зауыттары жетіспейді

ҚТҚ басқармасы қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын ретке келтіруге әкімдіктер жауапты екенін айтады. 

Республикада жыл сайын орта есеппен 4,5 миллион тонна қоқыс жиналса оның тек 23%-ы ғана сұрыпталып, қайта өңделеді.

«Кейбір аймақтарда қайта өңдеу зауыты жетіспейді. Мәселен Ақмола облысында қоқыс бөлек жиналып, сұрыпталады. Бірақ қоқыс өңдеу қуаттылығының төмендігіне байланысты одан әрі өңдеу үшін көрші өңірлерге жіберіледі. Жамбыл, Ақтөбе облысында да жағдай тура осындай деп айтуға болады. Жалпы, көптеген аймақтарда кем дегенде қоқыс сұрыптау желілері, қолмен және автоматты сұрыптау мүмкіндігі бар. Қоқыс сұрыпталады, бірақ одан әрі қайта өңделмейді», - дейді Абылай Әлмұханов.

Waste to Energy технологиясы әлі жұмыс істемей тұр

Экологиялық кодекске сәйкес Қазақстанда 2020 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің West to Energy деп аталатын жаңа тәсілі енгізіле бастады. Бұл принцип қалдықтарды жағып, әртүрлі қажеттіліктер үшін пайдалануға болатын энергия алу процесін қамтиды. Мысалы, қалдықтарды жағу арқылы қаланы жылыту үшін жылу шығарылады.

Елімізде арнайы қоқыс жағатын зауыттар салу үшін аукцион өткізілді. Экология министрлігінің есептеулері бойынша жобаны іске асыруға 200-ден 300 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция қажет болады. Алты зауыттың құрылысы жоспарланған. Содай-ақ жобаға Еуропадан келген инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Алайда жоба ережелері бойынша конкурсқа отандық инвесторлар да қатысуы тиіс.

Экология министрлігі өткен жылдың жазында тендер жариялады. Алматыда, Астанада, Ақтөбеде, Шымкентте, Өскеменде зауыттар салынатын болады. Жоспар бойынша барлық кәсіпорындар 2025 жылы жұмысын бастауы керек.

2021 жылдың 15 шілдесінде «Қазақстан электр энергиясы және қуат нарығының орталығы» АҚ электрондық алаңында аукциондар өтті. Аукцион нәтижесінде Waste to Energy технологиясы бойынша зауыттар салуы тиіс жеңімпаз инвестор анықталды. Дегенмен, қалдықтарды жағатын зауыттардың құрылысы әлі басталған жоқ.

 «Қалдықтарды кәдеге жарату заңнамасына сәйкес инвестор одан әрі жұмыстарды жүргізуі керек еді. Алайда, экология министрлігіне қазір тұрғындардан осы алты зауыттың құрылысына қатысты көптеген арыз-шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан, министрлік қоғам пікірін ескере отырып, қазір бұл зауыттарды одан әрі салу мәселесін пысықтауда. Өйткені бұл үлкен қоғамдық наразылық туғызады», - дейді Әлмұханов.

Абылай Әлмұхановтың айтуынша, қазірдің өзінде аукцион жеңімпазы мен жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы арасында аукциондық баға бойынша электр энергиясын сатып алу үшін алты келісімшарт жасалған. Бұл ретте әкімдіктер электр желісіне қосылудың ең жақын нүктелерін алдын ала анықтап қойған. Сонымен қатар, бұл мәселе әлі шешімін таппаған Алматы мен Өскемен қалаларын қоспағанда, басқа өңірлерде жер телімдері бөлінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға