Жаңалықтар

Қазақстан Президентіне бірқатар шет мемлекеттердің басшылары көңіл айтты

Қазақстан Президентіне бірқатар шет мемлекеттердің басшылары көңіл айтты
Фото: Akorda.kz 29.10.2023 20:01 914

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қоңырау шалып, Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әңгімелесу барысында екі ел басшылары 3 қараша күні Астана қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы X саммитінің күн тәртібін талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды және барша түрік халқын Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, Қарағандыдағы кен орнында болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.

Сондай-ақ көңіл айту жеделхаттарын Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ Вице-президенті, Президент Әкімшілігінің басшысы Мансур бен Заид Әл Нахаян, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, БҰҰ миграция жөніндегі халықаралық ұйымының бас директоры Эми Поуп және басқалар жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға