Қазақстан президенті: Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында биыл Ресейде өтетін президент сайлауына қатысты да пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы, 2024 жылы Ресейден бөлек АҚШ-та, Ұлыбритания, Үндістан, Әзербайжан және тағы да басқа мемлекеттерде сайлау өтеді. Сондай-ақ Еуропарламент депутаттары сайланады. Тоқаев Қазақстан бұл саяси науқанның бәрін жіті бақылап отыратынын алға тартты. Соның ішінде көрші Ресейдегі сайлаудың да маңызы зор екені анық. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Владимир Путин туралы да ойын жеткізді.
Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық.
Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашан да жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады, - деді Тоқаев.
Айта кетейік, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды.
