Жаңалықтар

Қазақстан Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы 922 млн текше метр су алады

Қазақстан Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы 922 млн текше метр су алады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 13.05.2024 11:06 705

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 86-отырысына қатысты. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіреді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, кездесу қорытындысы бойынша министр «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы суару маусымында Қазақстанға 922 млн текше метр су беру туралы келісімге келді.

Бұл ретте Түркістан облысының Шардара су қоймасына 4,8 млрд текше метр су жиналғанын айта кеткен жөн. Ал, Қазақстанның оңтүстігіндегі егіс алқаптарын суару үшін су алынатын Тоқтоғұл (Қырғызстан) су қоймасына 8 млрд текше метр су жиналды.

Сондай-ақ отырыста осы жылдың 30 қыркүйегіне дейін Нарын-Сырдария су қоймалары каскады жұмысының болжамды кестесі бекітілді.

Отырысқа қатысушылар жыл басынан бері еліміз төрағалық ететін Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы жұмысты жеке талқылады. Бүгінгі күнге Қазақстан тарапы барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады.

Сондай-ақ «Орталық Азия елдері арасында су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін құру туралы» келісім жобасы әзірленіп жатыр.

Қазір біздің басты міндетіміз - тасқын суын жинау. Біз оны Каспий, Балқаш, Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының көлдеріне және т.б. бағыттаймыз, бірақ сонымен қатар оңтүстік өңірлерді де сумен қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселеде су дипломатиясы өте маңызды, - деді Нұржан Нұржігітов.

 МСШҮК-нің келесі отырысы осы жылдың қыркүйек айында Түрікменстанда өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға