Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайды - Тоқаев

Қазақстан Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайды - Тоқаев
Фото: Ақорда 09.08.2024 13:14 1383

Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, сондай-ақ Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.

Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты кеңейтуді әрдайым құптайды. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірыңғай жоғары білім кеңістігі қалыптасуда

Бүгінде Қазақстанда аймақтағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біз Орталық Азия жастарының елімізде жоғары білім алуға ұмтылысын бағалаймыз. Осы күні еліміз АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университеттерімен стратегиялық серіктестік орнатты. Қазақстанның көптеген аймағында шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып, студенттерді белсенді қабылдай бастады. Бұған қоса Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар іске қосылып жатыр. Біз Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырамыз, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды.

Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайтуды және Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін атап өтті.

Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан президенті.

Жиын соңында мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға