Қазақстан оқушыларының XIII қысқы гимназиадасы басталады
![Қазақстан оқушыларының XIII қысқы гимназиадасы басталады Қазақстан оқушыларының XIII қысқы гимназиадасы басталады](/storage/storage/element/2025/02/07/mainphoto/141614/1200xauto_y1AjYxyStinw6foNf10Mq8k1Rxces026FICqwy4O.jpg)
10 ақпан күні оқушылар арасында XIII қысқы Гимназиада басталады. Спорттық шараға еліміздің барлық өңірінен 12-18 жас аралығындағы 700-ге жуық оқушы қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Гимназиада сегіз спорт түрі - шаңғы жарысы, қысқы президенттік сайыс, биатлон, қысқы спорттық бағдарлау, шорт-трек, бенди (допты хоккей), шайбалы хоккей және мәнерлеп сырғанау бойынша өтеді. Барлығы 162 медаль және 15 кубок сарапқа салынады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа жолдауында салауатты ұлтты тәриелеу туралы айтты. Ол үшін елімізде бұқаралық және балалар спортын дамыту қажет. Гимназиада - бұл жәй ғана жарыс емес, нағыз таланттарды анықтауға, балалар арасында спортты насихаттауға және спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған дода, - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Ташметов.
Қазақстан оқушыларының XIII қысқы гимназиадасы Батыс Қазақстан облысында, Орал және Ақсай қалаларында сәуір айына дейін жалғасады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)