Жаңалықтар

Қазақстан мұнай қоры бойынша Еуразияда екінші орында

Қазақстан мұнай қоры бойынша Еуразияда екінші орында
Фото: turaninform.kz 04.11.2022 15:18 2605

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ Орда резиденциясында Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz.

Президент өз сөзінде біздің елдің экономикалық әлеуетіне, әлемде тапшы мұнай саласындағы басымдылығын атап өтті.

"Мұнай қорының көлемі бойынша Еуразияда екінші орын иеленетіні расталған Қазақстан – жаһандық энергетикалық дағдарыс салдарын жеңілдету үшін сенімді мұнай мен газ жеткізуші ел", - деді Тоқаев.

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, көлік-транзит әлеуетінің дамуы Орталық Азия елдерінің тұтас ЖІӨ-н 15 пайызға өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін ескерсек, Мемлекет басшысы "бүгінде Қытай – Еуропа дәлізі бойынша құрлықтағы транзиттік тасымалдың 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтетінін" атап өтті.

"Орта дәліз" деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі маңызы артып келеді", - деді Президент.

Сонымен қатар, ел басшысы еліміз цифрлық трансформацияны қолдау үшін реформалар жүргізуге кіріскенін хабарлады. Бұл жұмыстарды бүкіл әлем мойындап отыр.

 "БҰҰ-ның рейтингісінде Қазақстан "электронды үкіметті" дамыту бойынша әлемнің үздік отыздығына кіреді, сондай-ақ онлайн қызмет көрсету индексі бойынша 11-орында", - деді мемлекет басшысы.

Қазақстан алдағы 7 жылда 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отыр.

"Қазақстанның ұстанымы өте қарапайым және айқын – біз нөлдік сомасы бар ойындарға сенбейміз. Біз "Үлкен ойындарға" емес, Еуразияның жүрегіндегі барлық адамдар үшін "Мол пайдаға" ұмтыламыз", - деп сөзін түйіндеді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға