Жаңалықтар

Қазақстан мен Жапония гидротехникалық құрылыстарды бірігіп нығайтуды жоспарлап отыр

Қазақстан мен Жапония гидротехникалық құрылыстарды бірігіп нығайтуды жоспарлап отыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 19.05.2024 04:31 531

Қазақстан мен Жапония су тасқынымен тиімді күресу үшін гидротехникалық құрылыстарды нығайту бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастық осы жылдың маусым айында басталуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Каната Томохиромен кездесу барысында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Қос тараптың кездесуі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен өтті.

Қазіргі уақытта Жапония тарабы екі бағытта көмек көрсету мүмкіндігін қарастырып отыр. Біріншісі - Жапонияның жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігімен бірлесіп жұмыс жасау. Екінші бағыт – жапондық халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) өзара серіктестік орнату. Сонымен қатар, JICA осы жылдың маусым айында техникалық қолдау көрсетуге дайын.

Қазақстан тарапынан сұранысқа жедел жауап берген жапондық әріптестерімізге алғыс айтамын. Біз жұмысты бастап кету үшін барлық қажетті деректерді беруге дайынбыз. Қазір біздің сарапшылар нысандарға бастапқы тексеру жұмысын жүргізіп жатыр. Заманауи жапондық технологиялар қажетті жұмыс көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді, - деді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Өз кезегінде Жапония тарабы қысқа мерзімде нығайтылуы тиіс маңызды құрылымдардың тізімін сұрады. Деректер JICA өкілдеріне беріледі.

Сондай-ақ, тараптар Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Ямада Джунның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды аралау мақсатындағы маусым айына жоспарланған Ақтөбе облысына сапарын талқылады. Кездесудің тағы бір тақырыбы – тәжірибе алмасу және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға