Қазақстан мен Түркия консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі
![Қазақстан мен Түркия консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі Қазақстан мен Түркия консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі](/storage/storage/element/2025/02/12/mainphoto/142235/1200xauto_MiLMJmHbqtdTsb1mYCxqIuK9G5yJ7toBK9TZNWfT.jpg)
ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков пен Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің бас директоры Али Мұрат Башчеридің төрағалығымен консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрік консультациялары өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ мәліметінше, іс-шараға сондай-ақ екі елдің мүдделі құзыретті органдарының өкілдері де қатысты.
Конструктивті атмосферада өткен консультациялар барысында дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Түркия азаматтарының құқықтарын қорғау, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылды.
Қатысушылар бауырлас елдер арасындағы қатынастарға қосымша серпін беретін және екі мемлекеттің консулдық қызметтері мен құзыретті органдары арасындағы байланыстарды айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретін осындай кездесулерді өткізудің маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті, - делінген мәліметте.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консулдық қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екіжақты консулдық консультацияларды тұрақты түрде жалғастыруға ниеттерін растады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)