Жаңалықтар

Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстер саны артады

Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстер саны артады
Фото: Көлік министрлігі 28.10.2023 01:18 591

Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстер саны артып келеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР Көлік министрлігіне қарасты Азаматтық авиация комитеті ұшу географиясын кеңейту әрі тұрақты халықаралық рейстер санын ұлғайту шеңберінде жұмысты жалғастырып келеді

Осылайша, Бангкок қаласында Қазақстан мен Таиландтың авиациялық билік органдары өкілдері арасында келіссөздер өтті. Қазақстан Республикасы тарапынан барған делегацияны Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Тимур Тлегенов, Таиланд Корольдігінің делегациясын жергілікті Азаматтық авиация басқармасы бас директорының орынбасары Сарун Бенджанират бастап барды.

Келіссөздер барысында екі тарап әуе қатынасы туралы жаңа үкіметаралық келісім жасасу мүмкіндігін және екі ел арасындағы әуе тасымалына сұраныстың артуына байланысты рейстер санын одан әрі ұлғайту мәселесін талқылады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандумға сәйкес рұқсат етілген рейстердің жалпы саны 35,4%-ға ұлғаяды (аптасына 402-ден 544-ке дейін). Атап айтқанда, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Бангкок, Пухкет, Краби, Утапао қалалары арасында аптасына 84 рейс, ал қалған бағыттарда аптасына 10 рейске дейін.

Қазақстан мен Таиланд арасындағы рейстер санының артуы екі ел арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Таиланд Корольдігінің Үкіметі биылғы 25 қыркүйектен бастап келесі жылдың 29 ақпанына дейін Қазақстан Республикасының азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізген болатын. Енді қазақстандықтар Таиландта 30 күнге дейін визасыз бола алады. Ұзақ сапарлар үшін сәйкесінше виза талап етіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға