Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Ресей спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: Туризм және спорт министрлігі 11.09.2024 10:38 461

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтяревпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында министр екі елдің ынтымақтастығының жоғары деңгейде екенін айтып, БРИКС елдерінің спорттық ойындары және «Азия балалары» халықаралық спорт ойындары сияқты негізгі халықаралық спорттық іс-шараларды өткізудегі жетістіктерін атап өтті. Қазақстан ұлттық құрамасынан биылғы БРИКС елдері ойындарына – 108, «Азия балалары» ойындарына 200 спортшы қатысты.

Кейінгі екі жылда қазақстандық спортшылар Ресей аумағында 40-тан астам оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұл екі ел арасындағы спорттық байланысты нығайтатыны сөзсіз. Қазақстан олимпиадалық даярлық орталығы базаларын пайдалану арқылы осы тәжірибені жалғастыруды ұсынады, - деді министр.

Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына Саха Республикасының (Якутия) ұлттық спорты – мас-рестлинг пен татар халқының ұлттық күресі – корэш енгізілді. Ойындарға Ресей Федерациясының 197 өкілі қатысуда. Михаил Дегтярев Туризм және спорт министріне қонақжайлық танытқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ БРИКС елдері және «Азия балалары» ойындарында қазақстандық спортшылардың табысты өнер көрсеткенін айтты. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ауқымды екенін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға