Қазақстан мен Ресей шекарашылары қақтығысып қалғаны рас па?

Әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Ресей шекарашылары арасындағы қақтығыстың салдары түсірілген видео тарап жатыр. ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Таралған видеода әскери киімдегі адамдар және әскери техника көрсетілген, ал кадр сыртындағы дауыстың айтуынша, қақтығыс Қостанай облысында орын алған, қазір онда техника тартылып жатыр.
ІІМ-нің хабарлауынша, мұның бәрі жалған.
Қазақстан Республикасының ІІМ Қостанай облысындағы шекарадағы арандату туралы әлеуметтік желілерде таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын және жалған болып табылатынын хабарлайды. Видеода биыл 8 қыркүйекте Қостанай қаласы аумағында өткен жоспарлы далалық сабақтарға бара жатқан ҚР ІІМ Ұлттық ұлан автокөлігінің колоннасы көрсетілген. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
