Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық салада белсенді ынтымақтастықты жалғастыруда

Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық салада белсенді ынтымақтастықты жалғастыруда
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 11.04.2024 20:01 658

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен РФ Мәдениет министрі Ольга Любимованың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша Кіші комиссиясының үшінші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырыста Аида Балаева Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жоғары деңгейде дамып жатқанын және бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы байланыстырушы көпір екенін атап өтті.

Кіші комиссияның тең төрағасы – Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

2022 жылдан бастап біз барлық мәдени салаларда бірлесе көп жобаларды жүзеге асырдық. Біздің ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр «Орыс маусымдары» жобасы өткізілді және бағдарламаға орыс мәдениетінің үздік үлгілері енгенін атап өткім келеді. Алда көп жоспар бар. Бүгін қол жеткізген келісімдер мәдени саладағы Ресей-Қазақстан диалогын одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деп атап өтті Ольга Любимова.

Отырыс барысында тараптар өзара байланысты тереңдетуге бағытталған кең ауқымды мәселелер мен бастамаларды талқылады. Екі елдің мәдени мекеме басшылары бірлескен жұмыстың аралық нәтижелерін бөлісті, сондай-ақ әлі де бірлесе атқаратын жұмыстарға тоқталды.

Атап айтқанда, биыл ТМД елдерінің V Жастар театр форумы, Ресей Мемлекеттік академиялық Үлкен театрында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының гастрольдері, бірлескен көрме жобалар мен басқа да маңызды іс-шаралар жоспарланған.

Қазақстан мен Ресейдің музей, кітапхана ісін, театр өнерін дамыту, гастрольдік қызметті жандандыру, реставраторлардың біліктілігін арттыру бойынша шеберлік сыныптарын өткізу туралы келісім жасалды.
Жүзеге асырылуға тиіс жобалардың қатарында Мемлекеттік Третьяков галереясында көрнекті қазақ суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған көрме ұйымдастыру бар.

Ольга Любимова Ресей мен Қазақстанның виртуалды мұражайын құру қажет деп санайды, соның арқасында екі ел тұрғындары ортақ мәдени мұраға еркін қол жеткізе алады. Оған жауап ретінде Аида Балаева Ресей Федерациясының мұражайларын Qazaq Culture ақпараттық-ағарту порталына біріктіруді ұсынды.

Халықаралық мәдени саясат аясындағы негізгі бағыттардың бірі – кинематография саласындағы ынтымақтастық. Кеңес Одағы кезінде қазақ кинематографиясының классиктері жасаған фильмдердің алтын топтамасы Ресейдің мемлекеттік фильм қоры мұрағатында сақтаулы. Олардың ішінде 300-ден астам көркем, анимациялық, деректі фильм түпнұсқалары бар.

Қазақстандық тарап коллекцияны қайтаруға ұсыныс білдірді. Ресей Федерациясының Мәдениет министрі картиналарды цифрландыру жүргізіліп жатқанын, содан кейін кезең-кезеңімен табыстау басталатынын айтты.

Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Отырыс нәтижесінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасында 2024-2026 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Бағдарлама түрлі бірлескен жобаларды іске асырудағы ортақ жұмысты неғұрлым жүйелі және мақсатты атқаруға мүмкіндік береді.

Ресейдің Мәдениет министрі Ольга Любимова Қазақстанға сапары аясында М.Ю. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына барды. Театр ұжымы 2023 жылы Ресейдің бірнеше қалаларындағы фестивальдерге қатысып, өздері де гастрольдік сапармен келген Ресей театрларын қабылдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға