Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай университеттері ғарышқа микроспутник ұшырады

Қазақстан мен Қытай университеттері ғарышқа микроспутник ұшырады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 05.07.2024 07:24 560

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша келісімге қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған келісімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бірлескен мәлімдемесінде қол жеткізілді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл бастаманы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет жүзеге асырып отыр. Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді.

Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша көшбасшы болып табылады.

Жобаның мақсаты – жер қыртысы мен мантиядағы тығыздық гетерогенділігін анықтау үшін спутниктің арнайы жер станциясы мен таратқышты қамтитын гравиметриялық өлшеу жабдықтарын әзірлеу. Бұл жұмыс үлкен тереңдіктегі геодинамикалық процестерді зерттеудің негізгі міндеттерін шешуге арналған.

Сонымен қатар қос университет бірлесіп жүзеге асырған микроспутникті Шанхай ынтымақтастық ұйымы жариялаған Экология жылы аясында және қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығы қарсаңында ғарышқа ұшыру жоспарлануда.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша тәжірибесі бар еліміздің жалғыз жоғары оқу орны. Бүгінге дейін оқу ордасы ғарыш айлағына «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутнигін ұшырған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға