Қазақстан мен Қытай шекарада өткізуді арттыруға қатысты шаралар туралы уағдаласты

«Қазақстан-Қытай» ынтымақтастық комитетінің 12-ші отырысы қарсаңында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасының жаңа министрі Сунь Мэйцзюньмен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жандос Дүйсембиев министрді тағайындалуымен құттықтап, мемлекет басшыларының тапсырмаларын іске асыруға бағытталған одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді. Бұл міндеттерге кедендік рәсімдерді жеңілдету, шекарадағы ашықтықты арттыру және екіжақты сауданы ынталандыру кіреді.
Кездесу барысында қазақстандық тарап Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту туралы, сондай-ақ Нұр Жолы – Қорғас өткізу пункттерінде тәулік бойы жұмыс істеу режимінің пилоттық жобасының нәтижелері туралы ақпарат ұсынды.
Негізгі уағдаластықтар ретіндеөткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар, инфрақұрылымды жаңғырту және өткізу пункттерінің жұмыс режимін ұлғайту, үздіксіз қозғалыс үшін қабылданатын автокөлік құралдарының (АКҚ) ең аз санын енгізу, шекарадағы процестерді үйлестіру жөніндегі бірлескен жұмыс тобының жұмысын күшейту бағыттары еніп отыр.
Сәуірдің бірінші жартысында жұмыс тобы бизнес-процестерді зерттеу, АКҚ қозғалысына әсер ететін проблемалық мәселелерді анықтау және оларды жою үшін ұсыныстар әзірлеу үшін шекарада көшпелі жиналыс өткізеді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өткізу пункттерін жаңғыртуды жеделдетуге, кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға, шекарадан өтудің қолайлы жағдайларын қамтамасыз етуге және АКҚ жиналуын болдырмауға келісті.
Кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жолында тағы бір қадам болды, ал қол жеткізілген уағдаластықтар кедендік ресімдеудің тиімділігі мен жылдамдығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
