Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы 30 жылда қалай дамыды

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы 30 жылда қалай дамыды
Фото: El.kz 22.11.2024 23:22 1023

Қытайды зерттеу орталығы Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына арналған семинар өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шара барысында сарапшылар Қытайдың трансформациясының негізгі аспектілерін, оның жетістіктері мен Қазақстанмен ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Семинар жұмысына Назарбаев Университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің, Мақсұт Нәрікбаев Университетінің, Аманат партиясының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері қатысты.

Қытайды зерттеу орталығының мәліметінше, семинар ҚХР-ның тарихи жолын, оның инновациялық және экономикалық әлеуетін талдап, ғылым, экономика және мәдениет салаларындағы қазақ-қытай байланыстарын тереңдету бағыттарын анықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинардың ашылуында Қытайды зерттеу орталығының Директоры Гүлнар Шаймергенова және ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Син Фанфан ханым құттықтау сөз сөйледі. 

Орталық директоры сессияны ашып, қатысушылар мен қонақтарды қарсы алды және іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол Қытайдың әлемдік державалардың бірі болу үшін өткен 75 жылдық жолының ауқымдылығы мен маңыздылығы бойынша ерекше әрі таңқаларлық екенін айтты. Экономикалық даму, ғылыми-техникалық инновациялар, экологиялық трансформация және халықаралық ынтымақтастық Қытайдың соңғы онжылдықтардағы айрықша жетістіктерінің куәсі.

Сонымен қатар, Орталық директоры семинар қатысушыларының назарын Қытайдың негізгі жетістіктеріне аударды. Экономикалық трансформация миллиондаған адамдарды кедейліктен шығарса, Қазақстан маңызды рөл атқаратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтты.

Логистика, энергетика және инновация саласындағы бірлескен жобалар болашақ ынтымақтастықтың негізін қалап жатыр, – деп қосты ол. 

Қытайдың технологиялық көшбасшылығына ерекше орын берілді. Сондай-ақ Директор климаттың өзгеруімен күресте Қытайдың үлесін атап өтті:

Күн және жел энергиясының ең ірі өндірушісі ретінде Қытай жаһандық тұрақты даму трендтерін анықтап келеді.

Сөзінің соңында ол екі елдің жастары арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын атап өтті:

Қытай Халық Республикасы өз тарихындағы 75 жыл ішінде орасан зор даму серпілісін жасады. Оның тәжірибесін зерттеу біздің өңір үшін пайдалы болуы мүмкін процестерді жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Бұл семинар – пікір мен білім алмасу үшін тамаша алаң, – деді Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова. 

ҚХР-ның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Син Фанфан ханым да семинарда құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол бұл мерейтойды ел тарихындағы маңызды кезең және халықаралық аренадағы жетістіктердің көрінісі ретінде атап өтті. Кеңесші-уәкіл Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың нығайып келе жатқанын айтып, түрлі салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді. Ол сондай-ақ екі ел халқы арасындағы достықты нығайтуға және жемісті диалог үшін платформа құруға қосқан үлесі үшін шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Ал сарапшылар бұл тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Айталық, Халықаралық Астана университетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Ләззат Нұрсұлтанова Қытайдың жаһандық ғылымды дамытудағы үлесін атап өтіп, оның инновациялық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігіне назар аударды.

Қытайдың ғылыми-зерттеу жетістіктері жоғары технологиялық динамиканы ғана емес, сонымен бірге жаһандық ғылыми қауымдастыққа интеграциялану қабілетін көрсетеді, – деп атап өтті ол.

Ал Назарбаев Университетінің Бизнес жоғары мектебінің стратегия және кәсіпкерлік кафедрасының доценті Джиян Дун Қытайдың жоғары технологиялық секторлардағы жетістіктерін және олардың жаһандық экономикаға ықпалын сипаттады.

Қытайдың инновациялардағы тәсілі оның жаһандық технологиялық нарықтағы көшбасшылығының негізгі факторы болды, – деп атап өтті сарапшы. 

Өз кезегінде Джиян Дун мырза Қытайдың мемлекеттік капитализмінің бәсекелестік пен инновацияларды ынталандыру қабілетін көрсетті деп айтты.

Мұндай модель тиімсіз деген пікірге қарамастан, Қытайда бүгінгі күні ішкі нарықта бәсекелесіп жатқан 100-ден астам электромобиль брендтері бар. Бұл мемлекет бәсекелестікке жағдай жасап, компанияларды түбегейлі инновацияларға ынталандыратын ерекше тәсілдің нәтижесі, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ баяндамасында ол «Қытайдың прогресі прагматикалық басшылық пен жоспарлы экономика мен нарықтық бәсекелестік механизмдері арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, экономикалық жүйені бейімдеу қабілетіне негізделген» екенін атап өтті.

Ал заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибраһимұлы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне талдау жасап, «Халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау ісіндегі Қытайдың рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде спикер Қытайдың жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын әлемдік жетекші державалардың бірі екенін атап өтті. Оның экономикалық және саяси ықпалы халықаралық аренада оны маңызды ойыншыға айналдырады. Қазіргі тұрақсыздық жағдайында Қытай қауіпсіздікті нығайтуға және бейбітшілікті қолдауға бағытталған халықаралық бастамаларға белсенді қатысуда. Мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, ішкі істерге араласпау қағидаттары сенім мен ынтымақтастық үшін негіз болуда. Қытай БҰҰ, ШЫҰ және БРИКС сияқты көпжақты ынтымақтастық форматтарын белсенді дамытып, жаһандық мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Негізгі бағыттар тұрақтылықты сақтау, терроризмге қарсы күрес, дағдарысқа қарсы бастамаларға қатысу және тұрақты экономикалық өсім үшін жағдай жасау болып табылады. Қытай жаһандық қауіпсіздікке жаңа көзқарастар қалыптастырып, ұзақ мерзімді тұрақтылық пен өркендеуге ықпал ететін шешімдер ұсынуда.

Өз кезегінде «Қытай түлектер достығы қауымдастығы» ЖОО төрайымы Джамиля Елеусізова Қазақстан мен Қытай жастары арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығына баса назар аударды. Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуына арналған семинарда ол соңғы 30 жыл ішінде екіжақты қатынастардың жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткенін атап өтті. 

Өз сөзінде спикер жастардың мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы негізгі рөлін атап өтіп, оларды қоғамның мәдени және интеллектуалдық негізін қалыптастыратын прогрестің қозғаушы күші деп атады. 

Мәдениет, ғылым, спорт және білім беру салаларындағы ынтымақтастық ‘ортақ тағдыр қауымдастығын’ қалыптастыруға ықпал етеді, бұл әсіресе жаһандық сын-қатерлер жағдайында маңызды, – деді ол.

Спикер пандемия кезінде де жастардың онлайн іс-шараларды ұйымдастыру арқылы достық пен ынтымақтастық рухын сақтап қалғанын атап өтті. Ол Қазақстан жастарының екі ел арасындағы мәдени көпір рөлін атқара отырып, «бейбітшілік пен өзара түсіністік елшілері» болып табылатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол энергетика және жоғары технологиялар сияқты маңызды салалардағы өзара әрекеттесу үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қолдау білдірді. 

Сөзін аяқтай келе, Джамиля Елеусізова жаһандық бейбітшіліктің болашағы бірлік пен ынтымақтастыққа, әсіресе жастар деңгейіндегі ынтымақтастыққа байланысты екенін атап өтті. Ол Қытай университеттерінің түлектері қауымдастығы халықтар арасындағы достықты нығайту үшін белсенді жұмысын жалғастыратынына сендірді.

Семинардың спикерлері арасында зерттеу орталықтарының өкілдері де болды. TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Қысықов Асқар Бауыржанұлы семинарға спикер ретінде қатысты. Оның баяндамасының тақырыбы «Қытайдың экономикалық трансформациясы және қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту мүмкіндіктері» қамтыды. 

Өз сөзінде Асқар Бауыржанұлы Қытайдың әлемдегі жетекші экономикалардың біріне айналуына ықпал еткен экономикалық реформалардың негізгі кезеңдерін атап өтті. 

Қазақстан үшін Қытаймен серіктестік логистика, энергетика және технологиялар саласында бірегей мүмкіндіктер ашады. Біздің басты міндетіміз – екі жақтың ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделген сенімді диалог құру, – атап өтті ол. 

Спикердің ортаға салған пікірі семинардың маңызды бөлігі болып, TALAP орталығының аналитикалық жұмысы мен сараптамалық бағалауының екіжақты қатынастарды тиімді құрудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Аталмыш бастамалар арқылы орталық елдер арасындағы ғылыми және іскерлік диалогты дамытуға елеулі үлес қосып, Қазақстанның Орталық Азиядағы Қытайдың негізгі серіктесі ретіндегі рөлін нығайтады.

Ұлан Нұхитжан, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саясат зерттеулері институтының «ҚР сыртқы саясатының елдік басымдықтары» тобының аға зерттеушісі, ғылым мен білім саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Семинарда ол Қазақстан мен Қытайдың мәдени-гуманитарлық саладағы, білім беру және ғылыми зерттеулердегі өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ынтымақтастық мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдер аясында жүзеге асырылады, студенттермен алмасу, мәдени орталықтар ашу, сондай-ақ бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын әзірлеуді қамтиды.  Спикер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіріп: 

Қытай әлемдік көшбасшы ретінде жаһандық тұрақты дамуға, халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда, – деп атап өтті. 

Ол Қытай техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын Қазақстанда ашу перспективаларына ерекше назар аударды, бұл қадам екіжақты серіктестікті нығайтуда маңызды рөл атқарады деп есептейді.

Семинар ұйымдастырушылары барлық қатысушыларға талқыланған мәселелерге жоғары қызығушылықтары мен белсенділіктері үшін алғыс білдірді. Іс-шара барысында құнды пікірлер айтылып, тәжірибе алмасу жүзеге асырылды, көтерілген тақырыптар жан-жақты әрі нәтижелі диалогтың негізін қалады.

Семинар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Мәдени өзара іс-қимылды дамытуға, гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге және инновациялық жобалар бойынша бірлескен жұмысқа ерекше назар аударылды. Қатысушылар мәдени ынтымақтастық пен ғылым, технологиялар және білім саласындағы бірлескен бастамалар екі ел мүдделеріне сәйкес келетін «ортақ тағдыр қауымдастығын» құрудың сенімді негізін қалайды деген ортақ пікірге келді.

Семинар тәжірибе мен пікір алмасуға арналған маңызды алаң ғана емес, екіжақты қарым-қатынастардағы жаңа тәсілдерді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Қатысушылар ұсынған идеялар оң бағаланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Мұндай өзара әрекеттесу қазақ-қытай қатынастарының жетілуін көрсетіп, сенім, құрмет және ортақ мақсат рухында олардың одан әрі дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға