Қазақстан мен Қытай ғалымдары бірлескен жобалар жүргізеді
Қазақстан және Қытай ғалымдары ғылымды жастар арасында насихаттауды бірлескен зерттеу жобалары негізінде жүргізбек, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Одан бөлек қазақстандық ғалымдар үшін Қытай білім және ғылым ордаларында білім алу мүмкіндігі кеңейеді.
Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясына арнайы іссапармен келген Қытай Ұлттық ғылым академиясының делегациясымен кездесу барысында мәлім болды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми академияларының арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.
Біз ғалымдардың халықаралық қатынасты ғылым арқылы дамытудағы ұмтылысын ерекше қолдаймыз. Ұлттық ғылым академиясы Қытай ғылым академиясымен бірлесіп зерттеу жобаларын қолға алуға және оған жас ғалымдарды тартуға дайын, - деді Күнсұлу Закарья.
Өз кезегінде Қытай ҰҒА вице-президенті Жанг Тао қазақстандық әріптестерін Аспан асты елі академиясының мүшесі атануға шақырды. Сонымен қатар Жанг мырза ҰҒА делегациясын Қытайда асыға күтетінін және Қазақстан ғалымдарын қытай ғылымының жетістіктерімен таныстыруға ниетті екенін жеткізді.
Екі ел ғалымдары математика және өмір туралы ғылымдар саласындағы зерттеулерге баса назар аударатындығына тоқталды.