Қазақстан мен Қытай бизнес ынтымақтастықты нығайтады
![Қазақстан мен Қытай бизнес ынтымақтастықты нығайтады Қазақстан мен Қытай бизнес ынтымақтастықты нығайтады](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/142056/1200xauto_vLPMOokFwo4YnVuXlNMy1NWJyjeKfKeFavHzxCvX.jpg)
Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ірі бизнес форум өтті. Іс-шараға екі елден 80-ге жуық іскер топтың өкілі қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Форум барысында «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Ол екі ел арасындағы көпжылдық серіктестік өзара сенім мен әріптестікке негізделгенін және Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. Басқосуда жаңартылатын энергия, көлік және логистика, электронды сауда, ауыл шаруашылығы сынды салалар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде белгіленді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы көпжылдық тиімді серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бұл қарым-қатынас өзара сенімге, әріптестікке және ортақ өркендеуге деген ұмтылысқа негізделген. Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық саясаты Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастықты күшейтуге ерекше мән береді, - деді Баталов.
Сонымен қатар, Баталов 2025 жылдың маусым айында «Қытай+Орталық Азия» мемлекет басшылары саммиті қарсаңында, екінші іскерлік кеңестің отырысы жоспарланғанын айтты.
Бүгінде Қазақстан жаһандық экономикалық процестерде маңызды орын алып, сенімді серіктес және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі қатысушысы ретінде әрекет етіп келеді. Біз шетелдік инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтып, тұрақтылықты және мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз етеміз, - деп атап өтті Райымбек Баталов.
Форумда Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету кеңесінің төрағасы Рен Хунбин сөз сөйлеп, бұл жиын Қытай Жаңа жылынан кейінгі алғашқы іс-шара екенін атап өтіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстанда Жібек жолы бастамасын көтерген сәттен бастап, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
Жиын соңында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 8 меморандумға қол қойылды.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)