Қазақстан мен Қытай ақпарат саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ҚХР Мемлекеттік хабар тарату және теледидар басқармасы басшысының орынбасары Ян Гожуймен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде екі тарап бірқатар бірлескен жобалардың іске асырылу барысын, сондай-ақ радиохабар тарату және теледидар саласындағы ынтымақтастықты күшету мәселелерін талқылады.
Қанат Ысқақов жылдар бойы екі ел түрлі салада, соның ішінде мәдениет пен ақпарат салаларында серіктестікті белсенді дамытып келе жатқанын атап өтті.
Біз қазақстандық және қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатқанын мақтан тұтамыз. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің осы жылдың сәуір айында Хэфэй қаласында өткен ШЫҰ-ға қатысушы елдердің қызметкерлеріне арналған семинарға қатысуын атап өту маңызды. Бұл Қазақстанның өңірлік бастамалар шеңберіндегі медиа-ынтымақтастықты дамытуда белсенді рөлін көрсетеді»,- деді вице-министр.
Кездесу соңында Ян Гожуй өзін жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіріп, одан әрі ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.