Жаңалықтар

Қазақстан мен Пәкістан IT-секторда ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Қазақстан мен Пәкістан IT-секторда ынтымақтастықты дамытуға ниетті
Фото: Сыртқы істер министрлігі 11.05.2024 13:34 581

Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар мемлекеттік министрі (MOITT) Шаза Фатима Хаваджамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге Пәкістанның бағдарламалық жасақтама өндірушілері қауымдастығының (P@SHA) төрағасы Мұхаммед Зохайб Хан да қатысты.

Елші Қазақстандағы IT секторының серпінді дамуы туралы, оның ішінде онлайн режимінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, банк секторындағы озық қаржы технологиялары туралы айтып берді. Астанадағы өңірлік IT хабтың, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметтеріне жеке тоқталды.

Ш. Фатима ақпараттық технологиялар және телекоммуникация саласында Қазақстанмен байланысты жандандыруға қызығушылық білдіріп, IT индустриядағы пәкістандық тәжірибесімен бөлісті.

Министр қазіргі уақытта 3 млрд АҚШ долларынан асатын IT секторының қарқынды өсуін атап өтті, өз кезегінде Пәкістан Премьер-Министрі Ш.Шариф алдағы жылдары оның үлесін 15 млрд АҚШ долларға дейін ұлғайту жөнінде өршіл міндет қойды.

Екі елдің уәкілетті органдары мен IT компаниялары арасында байланыс орнату үшін бірлескен жұмыс тобын құру ұсынылды.

Тараптар сондай-ақ IT мамандарын даярлаумен айналысатын жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты жолға қоюға өзара мүдделілік білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша жақын арада келіссөздерді ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға