Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан транзиттік-көліктік логистиканы нығайтады

Қазақстан мен Өзбекстан транзиттік-көліктік логистиканы нығайтады
Фото: Сыртқы істер министрлігі 09.03.2024 22:11 817

Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамовпен жұмыс кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар 2023 жылдың жұмыс қорытындыларын және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған транзиттік-көліктік пен логистикалық салалардағы жол картасын іске асыруын талқылады.

Теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемінің өсу динамикасы аталып өтті. 2023 жылы ҚР мен ӨР арасындағы теміржол жүк тасымалының жалпы көлемі 17,2%-ға өсіп, 31,4 млн тоннаны құрады (2022 жылы – 26,8 млн тонна).

Сонымен қатар сұхбаттастар жүк темір жол және автомобиль көлігінің өзекті мәселелерін, Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасындағы халықаралық бағыттар бойынша жолаушылар автомобильді тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының бірыңғай стандарттарын әзірлеу қажеттілігін, Алматы-Нукус, Ақтөбе-Нукус бағытында әуе қатынасын қалпына келтіруін, сондай-ақ Түркістан-Самарқанд, Түркістан-Бұхара және Түркістан-Үргенш сияқты ҚР мен ӨР туристік орталықтары арасында жаңа әуебайланыстарды ашу мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан қалалары арасында аптасына 25 рейс бар: Астана-Ташкент, 8 рейс (Fly Arystan – 3, Uzbekistan Airways – 5); Алматы-Ташкент, 17 рейс (Air Astana – 7, Uzbekistan Airways – 10).

Қорытындылай келе, сауда және тауар айналымының және транзиттік жүк тасымалының жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының 10 млрд АҚШ долларына дейін күтілетін өсуін ескере отырып, тараптар мемлекеттер арасындағы көліктік инфрақұрылымын кеңейту және жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға