Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан қоршаған орта жағдайы жөнінде ақпарат алмасады

Қазақстан мен Өзбекстан қоршаған орта жағдайы жөнінде ақпарат алмасады
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 18.09.2024 11:30 433

Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар оған 2022 жылғы 22 желтоқсанда Ташкентте қол қойған.

Келісімді ратификациялау елдерге орман алқаптарын қалпына келтіруге, сондай-ақ топырақ пен өсімдік жабынының тозуына қарсы күресте ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ететін төтенше жағдайларда тараптардың бірлесіп әрекет етуі көзделген. Бұдан бөлек келісім Арал бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар әзірлеуге бағытталған, - деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Сонымен қатар құжатта елдердің шекара маңындағы аумақтарында қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат алмасу регламентін әзірлеу, қоршаған ортаға трансшекаралық әсер ететін төтенше жағдайлар туралы өзара хабардар етудің жұмыс тетігі жасалады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Өзбекстан бірлескен комиссиясы құрылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға