Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шартты ратификациялау туралы заң қабылданды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шартты ратификациялау туралы заң қабылданды
Фото: casp-geo.ru 16.03.2023 15:59 1332

Заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік шекараны халықаралық құқықтық рәсімдеу еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады.

«Өзбекстанмен шекараны заңды рәсімдеу процесі өткен жылдың желтоқсанында екі ел президенттерінің Қазақстан- Өзбекстан мемлекеттік шегарасын шегендеу туралы шартқа қол қоюымен аяқталды», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Роман Василенконың айтуынша  шекараны шегендеу 2001-2002 жылдары Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы шарттар негізінде жүргізіліпті. Ал   шегендеу туралы келіссөздер процесі 2003 жылы басталған. Шекаралық белгілерді жергілікті жерде орнату бойынша далалық жұмыстар 2004 жылдан 2021 жылға дейін жалғасқан.

«Өткен 19 жыл ішінде Қазақстан-Өзбекстан бірлескен шегендеу комиссиясының 100 отырысы мен бірлескен жұмыс тобының 34 кездесуі өтті. Шегендеу жұмыстарының нәтижелері бойынша шекараның ұзындығы 2356 км-ді құрады. Шекара сызығында 1301 шекаралық белгі орнатылды.  Шегендеудің қорытындылары осы шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын және оған қосымшалар ретінде рәсімделген көлемі 8000 парақтан асатын құжаттарда көрсетілген», деді Роман Василенко.

Шекараны шегендеу мемлекеттік және жергілікті органдардың шекара маңындағы аудандарда тұратын халықтың мүдделерін, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекараны ыңғайлы күзетуін ескере отырып жүргізілген.

«ҚР Халықаралық шарттары туралы заңына сәйкес шарт ратификациялауға жатады. Оның ережелеріне сәйкес заң жобасы дипломатиялық арналар арқылы оны ратификациялау туралы соңғы жазба алынған күннен бастап күшіне енеді», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға