Жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан арасында зиярат туризмі қарқынды дамып келеді

Қазақстан мен Өзбекстан арасында зиярат туризмі қарқынды дамып келеді
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 29.05.2024 10:31 609

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туризм әкімшіліктері басшыларының отырысы аясында Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимовпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Ермек Маржықпаев Қазақстан мен Өзбекстанның туризм саласындағы ынтымақтастығы дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда трансшекаралық туризмді дамытуға бағытталған бірлескен бірнеше жоба іске асырылуда. Нәтижесінде кейінгі жылдары бауырлас екі ел арасындағы туристер ағыны артып келе жатқанын байқауға болады. Оның ішінде зиярат туризмі қарқынды дамып келеді.

Сондай-ақ министр Өзбекстан аумағында Ислам мәдениетінің және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы ретінде танылған көптеген қасиетті мекендері бар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, әлемнің танымал туристік және мәдени астаналары саналатын Қоқан, Шахрисабз, Самарқанд сияқты тарихи қалалары бар. Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдары мен туристік компанияларының қатысуымен қолға алынған «Табаррук Зиёрат» жобасы тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, басқа елдерден келетін туристерді де тартуға ықпал етеді.

Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды ұсынамын. Бірлескен трансшекаралық жобаларды іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристер ағыны өсуіне оң әсер ететініне сенімдімін. «Табаррук Зиёрат» – ежелгі қалалар мен ескерткіштерді ғана емес, ең бастысы – түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын біріктіретін бірегей жоба. Кейінгі жылдары Қазақстанда Маңғыстау облысының туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатыр. Аймақ саяхатшыларға өзінің сұлу табиғатымен, курорттарымен ғана емес, сонымен қатар көптеген құпиясы бар бай тарихымен де қызықты деп ойлаймын. Осыған байланысты Маңғыстау облысын Өзбекстан өңірлерімен байланыстыратын жаңа бағыт әзірлеуді, тұрақты тікелей әуе рейс бағыттарын кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажет, - деді Ермек Маржықпаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға