Жаңалықтар

Қазақстан мен Люксембург арасындағы әуе рейстерінің саны үш есе артады

Қазақстан мен Люксембург арасындағы әуе рейстерінің саны үш есе артады
Фото: © AP 29.06.2023 22:35 767

Бұл келісімге сәйкес елорда арқылы апта сайын транзиттік авиарейстердің санын үш есеге арттыру жоспарланған. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астана халықаралық әуежайына жүк тасымалдайтын Cargolux компаниясының 77-рейсін орындаған ұшақ сәтті қонып, дәстүр бойынша әуе көлігі арка тәріздес бұрқақтан өтті.

Осыған байланысты ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов пен Қазақстанға алғаш рет ресми іссапармен келген Cargolux компаниясының басшылығы қатысты.

Аталған іс-шараның аясында ҚР ИИДМ және Люксембургтің билік өкілдері екі ел арасындағы әуе қатынасы туралы меморандумға қол қойды.

Бұған дейін тек чартерлік рейстер ғана болған. Енді тұрақты әуе тасымалдары жолға қойылады. Сонымен қатар бұрын Люксембургтен орындалатын рейстер аптасына 7 рет болса, енді осы меморандум арқылы олардың көлемі 21-ге дейін ұлғаяды. Бұл негізгі келісім. Франция мен Финляндиядан кейін Люксембургпен «ашық аспан» ережелері аясында ашықтықтың 5-ші деңгейіне қол жеткізіп отырған үшінші ел саналады, - деді Марат Кәрімжанұлы БАҚ-қа арналған брифингте.

Министрдің айтуынша, осы келісім Қазақстанның авиация саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, елімізді Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия арасындағы кеңістіктегі негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады.

Жаңа транзиттік рейстерді тарту қазақстандық авиаторлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға септігін тигізеді. Бұдан басқа бұл кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер береді. Айталық, Қазақстанның нарығы сұранысқа ие тауарлармен қамтылады. Сондай-ақ Астана арқылы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қажетті өнімдер жеткізіледі, - деді М.Қарабаев.

Бұл орайда аталған компанияның Астанаға алғашқы рейсі 1 мамырда жасалғанын айта кеткен орынды. Қазір Cargolux елордалық әуежай арқылы Люксембургті Қытай және Жапониямен байланыстырып, аптасына 7 рейсті орындап келеді. Үкіметаралық келісім шеңберінде алдағы уақытта екіжақты тұрақты жүк рейстерін аптасына 42-ге дейін ұлғайту көзделген.

Біз осы меморандумды жасасуды құп көрдік. Өйткені Қазақстанның астанасындағы әуежай арқылы өтетін жүк рейстерінің жиілігін арттырамыз. Болашақта бұл Еуропа мен Азияны байланыстырып, Астана әуежайы арқылы жеткізілетін жүк тасымалы көлемінің артуына әсер етеді үміттенеміз, - деді Cargolux авиакомпаниясының президенті Ричард Форсон.

Cargolux Airlines International S. A. 1970 жылы Люксембургте құрылған. Бұл Еуропадағы ең ірі жүк тасымалдаушы операторлардың бірі саналады. Компанияның иелегінде Boeing 747 ұшағының 30 данасы бар және әлем бойынша 50-ден астам бағытқа рейс орындап келеді. Ұйымның 75 кеңсесінде 2,5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Сонлдай-ақ Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мүшесі.

Осы ретте Астананың әуежайы стратегиялық даму жоспарына сәйкес сауда-логистикалық хабты құру бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алғанын естеріңізге сала кетейік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға