Жаңалықтар

Қазақстан мен Катар арасында рейстер саны артады

Қазақстан мен Катар арасында рейстер саны артады
Фото: ҚР ИИДМ 28.07.2023 19:09 1060

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту және тұрақты халықаралық рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан мен Катардың авиациялық билігі арасында екі ел тасымалдаушыларының қатысуымен келіссөздер өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша рейстерді орындау үшін құқықтық базаны кеңейтетін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды:

- әр тараптан Астана және Доха қалалары арасында аптасына 7-ден 14 рейске дейін;

- әр тараптан Алматы және Доха қалалары арасында аптасына 7-ден 14 рейске дейін;

- "ауа еркіндігінің" 5 дәрежесін қоса алғанда, әр жағынан аптасына 7-ден 10-ға дейін жүк рейсі.

Осылайша, рұқсат етілген жиіліктер саны аптасына 21-ден 38 рейске дейін өсті.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде "Qatar Airways" әуе компаниясы ағымдағы жылдың соңына дейін Алматы - Доха бағыты бойынша орындалатын рейстер санын күніне 1-ден 2 ретке дейін (аптасына 7-ден 14 рейске дейін) ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сондай - ақ, 2024 жылдың ортасында әуе компания Астана-Доха бағыты бойынша әуе қатынасын ашуды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта "Qatar Airways" әуе компаниясы Қазақстанға бағыт бойынша рейстерде, оның ішінде "Боинг-787 Дримлайнер" үлгісіндегі кең фюзеляжды әуе кемелерін пайдаланады. Келіссөздер барысында әуе компания Қазақстан Республикасына рейстерде әуе кемелерінің осы түрлерін пайдалануды арттыратынын хабарлады.

Қазақстан мен Катар арасындағы рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға