Жаңалықтар

Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей әуе рейстері ашылады

Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей әуе рейстері ашылады
Фото: ҚР СІМ 07.09.2024 15:40 907

Қазақстан елшісі Қанат Тумыш Камбоджа Корольдігі басшысының міндетін атқарушысы, Парламент Сенатының төрағасы Самдек Хун Сенге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, кездесу басында Хун Сен Қ. Тумышты жылы қарсы алып, Қазақстан Республикасының Камбоджа Корольдігіндегі елшісі болып тағайындалуымен құттықтады.

Ол соңғы 30 жыл ішінде сенім, қолдау және өзара тиімділікке негізделген дипломатиялық қатынастардың дамуын жоғары бағалады. Бұрынғы Кеңес Одағы кезеңінде және қазіргі уақытта Камбоджаның жақсы досы және сенімді серіктесі ретінде Қазақстанға алғысын білдірді. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы және т.б. сияқты халықаралық ұйымдардың алаңдарында өзара қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың және Қазақстан үшін маңызды көпжақты өзара іс-қимылдың кейбір өзекті мәселелері талқыланды. Оның ішінде, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілері, атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық, мәдени және логистикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелері талқыланды.

Президент Тоқаев жолдауына және еліңізде оның басшылығымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың ауқымдылығына тәнті болдым. АЭС салу және пайдалануға беру – экономикалық өсуге серпін және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне маңызды үлес, таза, арзан және қауіпсіз электр энергиясын алудың кілті болады, – деп атап өтті Хун Сен.

Ол сондай-ақ қазан айының соңында Алматы-Сиануквиль (SCAT әуекомпаниясымен аптасына екі рет) бағыты бойынша Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуын құптады.

Қазақ дипломаты сондай-ақ Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуі шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, осы бірлестік елдерінің Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен ынтымақтастығын жандандыру туралы ұсыныс енгізді. Тараптар осы мақсаттар үшін Орта дәліздің транзиттік-көліктік және мультимодальды-логистикалық әлеуетін пайдалану және арттыру өте маңызды деп келісті.

Өз кезегінде Камбоджа басшысының м.а. ауыл шаруашылығы, энергетика, құрылыс және білім беру екіжақты ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттары болып табылатынын атап өтті.

Кездесу алдағы жылдары екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жылы, достық атмосферада өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға