Жаңалықтар

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $521,4 млн құрады

Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $521,4 млн құрады
06.10.2023 23:40 949

Астана қаласында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

«Иран - Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойып отыр», - деді ҰЭМ басшысы.

Өз кезегінде Ә.А.Джоукар мырза министрді жуырда Тегеран қаласында өтетін Каспий экономикалық форумына қатысуға шақырды. Форум барысында Каспий маңы мемлекеттерінің көпжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, оның ішінде экономика, қаржы, энергетика, көлік және т. б. мәселелерді талқылау жоспарлануда.

«Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту Иран Ислам Республикасы Үкіметінің негізгі басымдықтарының бірі. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін елдеріміздің әлеуеті зор», - деді Елші.

Қазақстан-Иран:

2022 жылғы екіжақты тауар айналымы $521,4 млн. құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18,3%-ға жоғары.

Экспорт – $310 млн.

Импорт – $212 млн. 

А.ж. қаңтар-маусымда екі ел $215,1 млн. сауда жасады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға