Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгілейді
Премьер-министр орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапарымен барып, екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті күн тәртібін және оны одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарын талқылау үшін Еуропалық одақтың жоғары лауазымды өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррелл М.Нұртілеудің Еуроодақ астанасына ҚР СІМ басшысы ретіндегі алғашқы сапарын жылы қабылдады. Келіссөздер барысында дипломаттар ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі Астана мен Брюссельдің көпқырлы қарым-қатынастарының кең ауқымын қарастырды. Жоғары және аса жоғары деңгейдегі саяси диалогтың тұрақты сипаты мен өсіп келе жатқан динамикасы, экономикалық ынтымақтастық пен еуропалық инвестициялар көлемінің айтарлықтай өсуі аталып өтті.
Тараптар энергетика, көлік және логистика, цифрландыру, азаматтық авиация, аса маңызды шикізат материалдарын өндіру және пайдалану салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды талқылауға ерекше назар аударды. Білім мен ғылым, озық технологиялар мен инновацияларды дамытуда ынтымақтастықты нығайту шаралары қаралды.
М.Нұртілеу сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі кешенді саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен егжей-тегжейлі таныстырды.
Өз кезегінде Ж.Боррелл ынтымақтастықтың пайдаланылмаған елеулі әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін бірқатар нақты шаралар мен жобаларды іске асыру арқылы еуропалық дипломатияның Астанамен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға деген берік көзқарасын атап өтті.
Біз сіздің еліңіздің жаңғыруын мұқият қадағалап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділ Қазақстанды» құруға бағытталған дәйекті саяси реформаларды қолдаймыз. Биыл Еуроодақ пен Қазақстан дипломатиялық қатынастардың 30-жылдығын тойлап, осы кезең ішінде серіктестіктің берік негізін қалады, - деді ЕО жоғары комиссары.
Сұхбаттастар өңірлік қауіпсіздікті, Орталық Азиядағы өзара іс-қимылды және Ауғанстандағы жағдайды қоса алғанда, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Тараптар Батыстың санкциялық режимдерінің Қазақстан экономикасы үшін ықтимал теріс салдарын барынша азайту жөніндегі шараларды талқылады.
Еуропалық кеңес президентінің сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі Саймон Мордюмен кездесуде Министр Президент Шарль Мишельдің 2022 жылғы қазандағы Астанаға нәтижелі сапары мен оның Орталық Азия елдерінің көшбасшыларымен алғашқы кездесуінің сәттілігін атап өтті. Тараптар бұл іс-шаралар екіжақты және өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қуатты серпін бергенін және жақын арада Орталық Азия мен Еуроодақ өңіраралық ынтымақтастығын тереңдету процесін жалғастыруға арналған осындай форматтағы екінші кездесуді дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде екенін атап өтті.
Іскерлік және сындарлы сипатта өткен сапар барысында министр Ж.Боррелл мен С.Мордюге Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградалары бірінші және екінші дәрежелі «Достық» ордендерін табыс етті. Жалпы алғанда, М.Нұртілеудің Еуроодақ астанасына сапары ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеуге, тараптар арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету жөніндегі нақты шаралар мен қадамдарды талқылауға мүмкіндік берді.