Жаңалықтар

Қазақстан мен ЕО елдері ауыл шаруашылығы бойынша сауда ынтымақтастығын арттырады

Қазақстан мен ЕО елдері ауыл шаруашылығы бойынша сауда ынтымақтастығын арттырады
Фото: primeminister.kz 29.05.2024 20:18 1921

Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссар Януш Войчеховскиймен агроазық-түлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуге қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігінің ерекше маңызды екенін атап өтті. ЕО нарығына азық-түлік экспортын арттыру шаралары, сондай-ақ АӨК өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен жобалар құру мәселелері қаралды.
 
Қазақстан мен ЕО елдері ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапа стандарттарын арттыру және фермерлерді қолдау саясатын жалғастырады. Аталған бағытта озық аграрлық технологияларды енгізу саласындағы өзара іс-қимылды күшейту, өзгермелі климаттың ауыл шаруашылығы саласына теріс әсерін азайту мәселелерінде тәжірибе алмасу қажеттігі атап өтілді.

Агроөнеркәсіптік кешен біздің экономикамыздың маңызды секторларының қатарына кіреді. Еліміздің сапалы және экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы әлеуетін, сондай-ақ Еуропа тарапынан артып келе жатқан сұранысты ескере отырып, біз қазақстандық тауарларды Еуропа нарығына экспорттау номенклатурасын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруымыз қажет, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Януш Войчеховский Қазақстанда инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды атап өтіп, ЕО елдерінің екіжақты ынтымақтастықты нығайту ниетін растады. Сондай-ақ өзара саудадағы кедергілерді жою және заңнаманы үйлестіру шараларына назар аударылды.
 
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екіжақты тауар айналымының оң динамикасы айтылды. Жалпы, тартылған инвестициялардың 40%-дан астамы және Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-ы ЕО елдерінің үлесіне тиесілі.
 
Бір жыл ішінде сауда көлемі 3,5%-ға өсіп, $41,4 млрд-қа жетті, оның $31 млрд-ы қазақстандық экспортқа тиесілі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасында ерекше белсенділік байқалады: индикатор 13,4%-ға ұлғайды.
 
ЕО елдеріне отандық өндірушілердің негізгі экспорттық тауарларына бидай, зығыр тұқымы, рапс, өңделген дәнді дақылдар және басқа да санаттар жатады. Жоғары деңгейде өңделген өнім экспортының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға