Қазақстан мектептерінде тамақтану ережелері өзгерді

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарындағы тамақтану нормаларын жаңартылған бұйрық арқылы бекітті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл құжат тамақтануды ұйымдастыру тәртібін, тағамдардың құрамын және өнім сапасына қойылатын талаптарды реттейді.
Ауруханаларда науқастарға берілетін тағамдар нақты диеталарға негізделеді, ал қажет болған жағдайда түзетулер енгізіледі. Тамақтану тәртібін кезекші дәрігер белгілейді және ол науқастың ауру тарихына тіркеледі. Ауруханаларда төрт реттік тамақтану енгізілген, бірақ науқастың қажеттілігіне қарай алты ретке дейін ұлғайтылуы мүмкін. Тамақ дайындау процесіне аға аспаз бен диетолог-дәрігер қатаң бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, ГМА өнімдері, механикалық өңделген құс еті және коллаген құрамды шикізатты пайдалануға тыйым салынған. Санитарлық нормалар қатаң сақталып, тағам сапасы мен қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі тұрақты түрде қадағаланады.
Білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандарттары мәзір құрамын, тамақтану тәртібін және ұйымдастыру тәсілдерін реттейді. Балабақшаларда кейтеринг қызметіне тыйым салынған. Мектептер мен балабақшаларда тамақтанудың екі үлгісі қарастырылған: стандартты мәзір және мультипрофильді тамақтану (швед үстелі немесе ланч-пакеттер). Балалардың білім мекемесіндегі уақытына байланысты тамақтану саны бір реттен алты ретке дейін өзгеруі мүмкін. Тағам сапасы, диета талаптарының орындалуы және санитарлық нормалардың сақталуы медициналық қызметкерлердің бақылауында болады.
Өнімдердің сапасы мен сақтау шарттарына ерекше назар аударылады. ГМА өнімдерін, жарамдылық мерзімі өткен, таңбаланбаған немесе сақтау талаптары бұзылған өнімдерді пайдалануға тыйым салынған. Ас мәзірінің кемінде 75%-ы өсімдік негізіндегі өнімдерден тұруы керек, ал тұз бен қант мөлшері шектелген. Йодталған тұзды пайдалану міндеттелген. Ет тағамдары үшін тек жылқы еті, сиыр еті, терісіз тауық және күркетауық еті қолданылуы тиіс. Сусындар ретінде газдалмаған су, сүт өнімдері, компот және жеміс шайлары ұсынылады.
Бұл жаңартылған стандарттар ауруханалар мен білім беру ұйымдарында тамақтану сапасын арттырып, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
