Жаңалықтар

Қазақстан командасы EuroSkills чемпионатына тарихи нәтиже көрсетті

Қазақстан командасы EuroSkills чемпионатына тарихи нәтиже көрсетті
Фото: gov.kz 10.09.2023 17:29 975

Қазақстан ұлттық құрама командасы EuroSkills чемпионатына қатысу тарихында үздік нәтиже көрсетіп, қоржынымызға екі медаль және төрт «Үздік медальонын» салды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Жарысқа әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас маман қатысты.

EuroSkills Gdańsk 2023 сегізінші еуропалық чемпионатының үш конкурстық күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері бір күміс және бір қола медаль иеленді.

Руслан Юсупов "Веб технологиясы" құзіреттілігі бойынша күміс медаль иеленсе, Андрей Степанюк пен Станислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» командалық құзыреттілігі  қола медальмен жүлде қорына  үлес қосты. Сонымен қатар, Алуа Жарасбаева (графикалық дизайн), Ерасыл Бақытжан (инженерлік графика CAD), Виталий Кайль (плиткамен қаптау), Ернияз Құрманбеков және Аңсар Оразғалиев (мехатроника) "Үздік медальонға" ие болды.

Айта кетейік, Қазақстан үшін бұл еуропалық чемпионаттағы үшінші медаль. 2021 жылы Павлодар колледжінің түлегі Дина Афанасьева "Веб-әзірлеу" құзіреттілігі бойынша  үшінші орынға ие болды.

Биыл жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құрамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы енді. Қазақстандықтар 25 құзыреттілік бойынша сынға түсті.

EuroSkills чемпионаты - бұл Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыру бағытындағы маңызды іс-шара. 25 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған ең ірі халықаралық кәсіби шеберлік жарыстары WorldSkills Europe қатысушы елдерінде екі жылда бір рет өткізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға