Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоры қоғам өкілдерімен қайырымдылық жобалар бойынша ауқымды талқылау өткізеді

«Қазақстан халқына» қоры қоғам өкілдерімен қайырымдылық жобалар бойынша ауқымды талқылау өткізеді
Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі 11.08.2023 10:22 1427

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры іске асырылып жатқан қайырымдылық бастамаларын және денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт және мәдениет саласындағы қордың қатысуымен шешуге болатын өзекті мәселелерді жұртшылықпен талқылауды жоспарлап отыр. Ол үшін 7 тамызда қордың бастамасымен Ұлттық қайырымдылық бойынша II жыл сайынғы конференция басталды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Биыл Конференция өңірлердің қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру жөніндегі бастамаларын талқылауға арналады. Қазірдің өзінде Қордың негізгі бағдарламалары ауылдық жерлерде, шағын және моноқалаларда жүзеге асырылуда. Конференция бірнеше кезеңнен тұрады. Шара қор қызметінің бағыттарын кеңейтуге және көрсетілетін көмек көлемін ауқымды етуге, қайырымдылық жобаларын іске асыруға жаңа серіктестер мен демеушілерді тартуға бағытталған.

7 тамыздан бастап қордың қызметін кешенді бағалау үшін, оның ішінде қайырымдылық саясатының, жұмыс бағыттарының, іске асырылып жатқан қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының өзектілігін, тиімділігін талдау үшін КЕҰ өкілдері арасында сауалнама басталды.

Конференция шеңберінде 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін Қор ҮЕҰ-мен денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша жекелеген тақырыптық онлайн zoom–кездесулер өткізеді, онда жұртшылықты толғандыратын мәселелер, сондай-ақ оларды шешу жолдары, Қордың үлесі бойынша ұсыныстар талқыланады.

Қызу пікірталас өңірлерде офлайн форматта жалғасады. 5 қыркүйектен бастап Қор басшылығы барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бейінді мемлекеттік органдардың басшыларын, КЕҰ және қоғамдық пікір көшбасшыларын, мәслихат депутаттарын, Қоғамдық кеңес мүшелерін, сарапшыларды, Қордың серіктестері мен журналистерді шақыра отырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлап отыр. Қордың қайырымдылық бастамаларын таныстыру, Қордың қатысуымен өңірде іске асыру үшін ұсынылатын жобаларды және басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерді талқылау жоспарлануда. Облыстар мен қалаларда ауылдық тірек мектептерге, арнайы мектептерге, оңалту орталықтарына, медициналық ұйымдарға және басқа да нысандарға бару және мониторинг жүргізу, сондай-ақ Қордың қолдауына ие болған азаматтармен кездесу жоспарланған.

Аймақтардағы zoom-кездесулер мен дөңгелек үстелдердің қорытындысы қазан айында Ұлттық қайырымдылық бойынша ІІ конференцияның қорытынды отырысында айтылады.

Қор жұмысының тиімділігін бағалаудағы қоғам өкілдерінің бағасын ең маңызды деп санаймыз. Өткен жылы Қор жобаларды іске асыруда тәжірибесі, кәсіби сараптамалық пікірі бар азаматтық секторды құрайтын қоғамдық ұйымдармен Қордың негізгі міндеттері мен бағыттарын айқындап, нормативтік құжаттарды әзірледік. Биыл біз осы жұмысты жалғастырып, жұртшылықпен бірге атқарылған жұмыстарға талдау жасап, жүйелі және тұрақты болатын қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларды әзірлеу үшін жаңа ұсыныстарды қабылдауға ниеттіміз. Осы бағдарламалардың арқасында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, біз кешенді көмек көрсету жүйесін қалыптастыра отырып, ең алдымен мемлекет тарапынан кеңінен енгізуге арналған жобаларды, мәселелерді шешу мүмкіндіктерін барынша көрсете аламыз. Сондықтан жұртшылық өкілдерін белсенді қатысуға шақырамыз, – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Конференция туралы толық ақпарат, жоспарланған іс-шаралар мен оның кестесі Қор сайтындағы «Конференция 2023» арнайы бөлімінде жарияланады.

Бүгінгі таңда Қор денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, спорт саласында 30-дан астам бағдарлама мен жобаны іске асырады, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде шаралар қабылдайды. Қазақстандықтарға жалпы сомасы 59 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Бекітілген қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың жалпы құны 142 млрд теңгеден асады. Қор қайырымдылық бағдарламаларын 180-нен астам серіктестерімен – министрліктермен, әкімдіктермен, мемлекеттік мекемелермен, өндіруші компаниялармен, медициналық және пациенттік ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен, қоғамдық бірлестіктермен және қайырымдылық қорларымен бірлесіп жүзеге асырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға