«Қазақстан халқына» қоры 103 қайырымдылық жобаны қаржыландырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қордың осы уақытқа дейін атқарған қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Болат Жәмішевтің айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры үш жылда жалпы сомасы 230 миллиард теңге болатын 103 қайырымдылық жобасын қаржыландырды. Оның ішінде 58 жоба толығымен аяқталды. Қордың қызметі ашықтық, есептілік және тұрақтылық қағидаттарына негізделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ernst&Young компаниясы сыртқы аудит жүргізді.
Мемлекет басшысына қордың денсаулық сақтау саласына, атап айтқанда, ауыр және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше мән беретіні жөнінде баяндалды. Осы мақсатта 461 адамға, соның ішінде 342 балаға 57,7 миллиард теңге бөлінген. Қатерлі ісікке душар болған 1200-ден астам адамға құны 14,5 миллиард теңге болатын арнаулы препараттар берілген. Бес онкологиялық орталық пен балаларға қызмет көрсететін 22 нейрохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Балалар мүгедектігінің алдын алуға арналған 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған болатын. Бүгінде осы мақсаттағы 10 нысан қызмет көрсете бастады.
Әлеуметтік қолдау бағытында аутизм белгілері бар балаларға арналған 7 орталық, сондай-ақ өңірлерде 6 оңалту орталығы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы 20 орталық іске қосылады. 150 адам инновациялық протезбен қамтылды.
Тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында 135 ауыл мектебі жаңғыртылды. Алматы облысындағы 50 мектепте және Қарағанды облысындағы 86 білім ошағында физика, химия, биология сабақтарына арналған заманауи кабинеттер жабдықталды. Қордың білім беру гранттарына 3 мыңнан астам студент ие болды. Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, цифрлық технологиялар арқылы оқытудың төрт моделі енгізілді.
Мәдениет пен спорт саласында Батыс Қазақстан облысының кітапханаларын комьюнити орталық ретінде қайта құру және 13 модульді спорт залын салу жұмыстары қолға алынды. Елді мекендердегі 100 балалар спорт залы жабдықталды.
Болат Жәмішевтің айтуынша, қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, бес облыстағы 627 үйдің құрылысын қаржыландырды.
«Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» әлеуметтік бастамасы аясында ірі кәсіпорындардың және бизнестің қолдауымен моноқалалардың инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, қайырымдылық шараларының Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызын атап өтті.