Жаңалықтар

Қазақстан ЭЫҰ туризм министрлерінің алтыншы отырысына қатысты

Қазақстан ЭЫҰ туризм министрлерінің алтыншы отырысына қатысты
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 29.04.2025 07:30 205

Түркияның Эрзурум қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) туризм министрлерінің алтыншы отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан атынан іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев қатысты. Жиынға Әзірбайжан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Түркия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның туристік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ЭЫҰ Бас хатшысы Асад Маджид Хан мен Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев келді.

Кездесу барысында делегация басшылары өз елдеріндегі туризм саласының жай-күйі мен ЭЫҰ кеңістігінде ынтымақтастықты дамыту бастамалары туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар өңірді бірыңғай туристік бренд ретінде дамыту, елдер арасындағы әуе қатынасын кеңейту, ортақ онлайн-платформа құру және өзара іс-қимылдың басқа да бағыттары талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша алдағы жылдардағы ЭЫҰ туристік астаналары болатын қалалардың тізімі бекітілді:

2027 жыл – Лахор қаласы (Пәкістан),
2028 жыл – Мары қаласы (Түрікменстан),
2029 жыл – Қарақол қаласы (Қырғызстан).

Бұдан бөлек, жиында ЭЫҰ кеңістігінде туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған келісімдерді бекітетін Эрзурум декларациясы қабылданды.

Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Паландёкен экономикалық форумына және Эрзурум қаласын 2025 жылға арналған ЭЫҰ туристік астанасы ретінде жариялауға арналған ресми рәсімге қатысты.

Сонымен бірге іс-шара аясында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрінің орынбасары Ануширван Мохсени Бандпа және ЭЫҰ Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен екіжақты кездесулер өткізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға