Қазақстан Елшісі Норвегия Короліне сенім грамотасын тапсырды
Қазақстанның Елшісі Әділ Тұрсынов Ослодағы Король сарайында Норвегия Королі Харальд V-ге сенім грамотасын тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Салтанатты рәсімнен кейінгі ресми қабылдау кезінде Норвегия Королі Қазақстанның заманауи дамуына қызығушылық танытып, Осло мен Астана арасындағы достық қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде қазақстандық дипломат Норвегия Королін елімізді жан-жақты дамыту мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды реформалардың жүзеге асырылып жатқаны туралы хабардар етті.
Сұхбаттасушылар өңірлік және жаһандық саясат мәселелерін де талқылады, сондай-ақ қазақстандық және норвегиялық спортшылардың халықаралық аренадағы бірқатар жоғары жетістіктеріне тоқталды.