Қазақстан елшісі Бангкоктың ақпараттық форумына қатысты
Қазақстанның Таиландтағы елшісі Арман Исетов Таиландтың премьер-министрі – қаржы министрі Сретта Тависиннің төрағалығымен өткен «Bangkok Post Forum-2023» форумының ашылуына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекетттегі ең ірі ақпараттық агенттіктің форумы идеялармен алмасу, байланыстар орнату және Үкімет пен бұқаралық ақпарат құралдары арасында жаңа әріптестік қатынастар орнату үшін «көпір» қызметін атқарады.
Іс-шараға қатысқан дипломатиялық өкілдіктердің басшыларын құттықтау барысында премьер-министрдің Қазақстан елшісі А. Исетовпен қысқа әңгімесі өтті. Қазақстандық дипломат жаңа үкімет басшысына қолдау көрсеткені үшін, атап айтқанда, еліміздің азаматтары үшін визасыз режимді енгізгені үшін алғысын білдірді. Тараптар өзара қолдау көрсету бойынша пікір алмасты.
Дипломаттар, жетекші бизнес лидерлері және инвесторлар алдында сөйлеген сөзінде Таиланд Премьер-Министрі Тай Үкіметінің экономиканы және шетелдік инвестицияларды ынталандыру, табысы төмен отбасыларға қаржылық көмек көрсету, цифрландыруды дамыту және климаттың өзгеруіне жауап беру жоспарлары туралы айтты. Туристік саланы қолдау шеңберінде Қытай мен Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режимді енгізу ерекше атап өтілді.