Жаңалықтар

Қазақстан ДДСҰ-ның ассамблеясының кезекті сессиясына қатысты

Қазақстан ДДСҰ-ның  ассамблеясының кезекті сессиясына қатысты
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 30.05.2024 11:03 618

Женевада ДДҰ-ға мүше 190-нан астам мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының (ДДА) 77-ші сессиясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Денсаулық сақтау министрі ДДҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың қатысуымен «Экономикалық аспектілер және «Баршаның денсаулығын қамтамасыз ету және әл-ауқатына ықпал ету» тұжырымдамасын іске асыруды қаржыландыру: денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу үшін батыл жаңа көзқарас» тақырыбында стратегиялық дөңгелек үстел барысында сөз сөйледі.

Ақмарал Әлназарова ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қайта бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тәсіл қарапайым жағдайларда да, төтенше жағдайлар кезінде де халықтың барлық топтары үшін негізгі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Сонымен қатар, Ақмарал Әлназарова ДДҰ-ға мүше мемлекеттерді 2023 жылғы қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық еткен МСАК жөніндегі елдердің жаһандық коалициясына қосылуға шақырды.

Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен жаһандық трендтерді ескере отырып және ДҚЖҚ-ны қамтамасыз етуге және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев МСАК бойынша елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастаманы ұсынды және елдерді коалицияға қосылуға шақырды. Осыған байланысты, біз мүдделі елдерді Қазақстанның бастамасын қолдауға және МСАК жөніндегі елдердің жаһандық коалициясына қосылуға шақырамыз, - деді Денсаулық сақтау министрі Ассамблеяға қатысушы елдерге арнаған сөзінде. 

Коалицияның қызметі МСАК-тың Операциялық тетігін іс жүзінде іске асыруға бағытталатын болады, бұл Коалицияға мүше елдерде МСАК әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады, деп атап өтті Ақмарал Әлназарова. 

Осылайша, Коалиция әріптес елдер арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды, біліммен, озық тәжірибемен алмасуды және идеяларды дамытуды қамтамасыз ете отырып, ДДҰ-ның қолдауымен әрекет ететін халықаралық одақ пен алаңның рөлін атқаратын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға