Қазақстан Чилимен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтады

Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Астанаға жұмыс сапарымен келген Чили Республикасының Қазақстан Республикасындағы қоса атқарушы Елшісі Эдуардо Эскобарды қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ә.Қуантыров Астана мен Сантьяго арасындағы тұрақты саяси диалогты қолдаудың, сондай-ақ саяси консультациялар тетігін жедел белсендірудің маңыздылығын атап өтті. Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аудара отырып, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Министрдің орынбасары чилилік «ME Electmetal» компаниясы мен қазақстандық «KAZ Minerals» арасындағы инвестициялық келісімге қол қойылуын қошеметтеп, бұл екі ел арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңін белгілейтінін атап өтті. Тараптар бұл келісім бірлескен жобаларды дамытуда, озық технологиялар ағынын қамтамасыз етуде және екі мемлекеттің экономикасының тұрақты дамуын нығайтуда маңызды қадам болатынын баса айтты.
Көпжақты ынтымақтастықты талқылау барысында сұхбаттастар БҰҰ, ЭЫДҰ және т.б. халықаралық ұйымдардағы белсенді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ә.Қуантыров Елшіге Қазақстан-Чили қарым-қатынастарын дамытуға қосып отырған үлесі үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
