Қазақстан БРИКС-тің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Бразилияның төрағалығымен БРИКС елдері мен серіктестерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу «Ғаламдық Оңтүстік елдері арасындағы ынтымақтастықты күшейту арқылы инклюзивті және тұрақты басқаруды қамтамасыз ету» атты ұранымен Бразилияның төрағалық етуі аясында өтті.
Қазақ делегациясын кеңейтілген отырыста ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин басқарды. Ол өз сөзінде геосаяси шиеленіс пен экономикалық тұрақсыздықтың артуы жағдайында Ғаламдық Оңтүстік елдері арасындағы ұжымдық шешімдер мен ынтымақтастықтың ерекше маңызды болатынын атап өтті.
Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына бейілділігі, климаттық мәселелер мен Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың, әсіресе су ресурстарын басқару, цифрлық трансформация және энергетика салаларының маңыздылығы аталып өтті. Қазақ дипломаты 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қолдауымен өтетін Өңірлік климаттық саммиттің маңыздылығына назар аударды.
Сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Қазақстан БРИКС елдерімен экономикалық байланыстарды кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген ықыласын растады.
БРИКС СІМК аясында А.Рахметуллин Бразилияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Сержио Собрал Дуартемен, Боливияның Сыртқы істер министрі Селинда Соса Лундамен, Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сергей Лукашевичпен және Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Сейед Абдель Расул Мохаджермен екіжақты кездесулер өткізді.
Екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапар барысында бразилиялық кәсіпкерлік топтар мен Қазақстанның құрметті консулдарының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар «SEBRI» аналитикалық орталығы мен Жетулиу Варгас қоры (FGV) басшылығымен кездесулер өтті.
Қазіргі уақытта БРИКС құрамында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР, Мысыр, Иран, БАӘ, Эфиопия, Сауд Арабиясы және Индонезия бар. Қазақстан Беларусь, Боливия, Куба, Малайзия, Нигерия, Таиланд, Уганда мен Өзбекстанмен бірге 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап БРИКС-тің серіктес елдері қатарында.
